Түркістан облысында үш елдімекеннің балалары апатты мектепте оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында үш елдімекеннің балалары апатты мектепте оқуға мәжбүр

03.03.2022

Түркістан облысының Төлеби ауданында үш елдімекеннің балалары апатты мектепте оқуға мәжбүр. Қабырғасы қақырап, құлаудың алдында тұрған ғимаратты жөндеуге қаржы жоқ. «Аmanat» партиясының құрылтайында Президент халықпен байланысты күшейтіп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырғаннан кейін апатты мектептің мәселесін шешуге жергілікті депутаттар атсалысатын болды.

Қаратөбеліктер бұл мектепті жиырма екі жыл бұрын асарлатып өздері салып алған. Алайда саманнан тұрғызылған білім ұясының соңғы жылдары тоз-тозы шығып, апатты жағдайға жеткен. Бес-ақ сынып бөлмесі бар ғимараттың шатырынан су ағып, едендері шіри бастапты.

Қасым Пернебайұлы,  от жағушы:
Мектебіміз ойылып, жарылып жатыр. Жылда жасамаймыз, жасқаймыз. От жақсаң мектептің жылуы қиын, өйткені ағаш терезелер. Интернетке қосылатын болса мектеп жылу қазандығын өшіруге тура келеді.

Тоғыз жылдық білім ошағында акт залы да, асханасы да жоқ. Ауылға он жыл бұрын табиғи газ тартылса да, мектеп көмірмен жылиды. Тоқсан орынға лайықталғанымен қазір мұнда осы маңдағы үш ауылдың жүз елуге тарта баласы білім алады. Жоғары сыныпқа өткендері көрші аудандар мен Шымкент қаласына қатынап оқуға мәжбүр.

Көркем Бекембай, оқушы:
Спортзал да жоқ, қыста іште отырамыз. Сынып та суық болады. Еңбек пәні өтетін кабинет те жоқ. Парталар да ескі орындықтар да жетпейді.

Мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары ақша жинап, жаңа мектептің сметалық жобасын жасатқан. Алайда бюджеттен ақша бөлінбей, оның мерзімі өтіп кетіпті. Ал, өткен жылы аудандық білім бөлімі қайта жоба жасатуға қайта қаражат бөлді. Бірақ ол да жоба күйінде қалып тұр. Бүгін мектептің жағдайымен танысуға келген облыстық мәслихаттың депутаты осы жобаны жүзеге асыруға уәде етті.

Ғалымжан Елшібай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:
Мектеп күрделі жөндеуге жатпайды. Жаңа мектеп салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Алдағы уақытта осыны кезек күттірмей, бюджетке енгізіп, депутат ретінде мәселе көтеріп, атсалысатын боламыз.

Үш бөлімшесі бар Қаратөбеде емдеу мекемесі де асарлатып салынған. Ешбір талапқа сай келмейді. Мұндағы жұрт депутаттан емхана салып берсе деген өтініштерін де жеткізді. Жарық пен жол, ағын су мен ауыз су, жайылым жер мен жұмыссыздық проблемалары да өзекті.

«AMANAT» партиясына бас сұққандар баспана мәселесі мен үй іргелік жер телімін бөлуге көмектесуді сұраған. Ал, базбірі тұрақты жұмыс керек дейді.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу