Қаңтар оқиғасы кезінде батылдық танытқан сарбаз Самандар Тәшкенбаевтың анасы Ұлттық арнаға сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы кезінде батылдық танытқан сарбаз Самандар Тәшкенбаевтың анасы Ұлттық арнаға сұхбат берді

03.03.2022

Мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарында аналардың мейірімі мен аялы алақанының арқасында елге қорған болар отансүйгіш ұрпақ өсіп жетілді. Ардагерлерге арналған шипажайда қарапайым жұмысшысы болып еңбек ететін шымкенттік Шоира Базарбаева осындай саналы да жауапкершілігі мығым перзент тәрбиелеп, құрметке бөленген ана. Оның ұлы Самандар Тәшкенбаев Қаңтар оқиғасы кезінде батылдық пен қайсарлық танытқан әскери сарбаз.

Бұл отбасыдағы басты құндылық еңбек. Тек соның арқасында шаңырақ шаттыққа бөленіп келеді. Шоира жұмыс талғаған емес. Диқанды кәсіп ететін отағасына да қолғабыс етеді. Қорадағы малдың да жайын істейді. Үй шаруасын да дөңгелететін өзі. Осы істерде перзенттерін қабатына ала жүріп, ізгілік қасиеттерді бойларына сіңіре білді.

Шоира Базарбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мейірбан болу керек. Баланың көңіліне қарау керек. Жақсы сөйлейтін жерде жақсы сөйлеп, арасында қатал да болу керек. Тура жүр, ақиқатты сөйле, біреуге жалған сөйлеме деп үйреттік.

Еңбекқор отбасы бүгінде төрт перзент өсіріп отыр. Тұңғыш қызы тұрмыста. Онан кейінгі ұлы Самандар әскери қызметте жүріп ата-ананың мерейін тасытты. Кішілері мектепте оиды. Жұмыстың бабымен түзде көбірек жүретін отағасы балаларының тәрибесінде анасының орны ерекше болғанын айтады.

Бақтияр Тәшкенбаев, күйеуі:

Құлап бара жатқан адамға тіреуіш боп, сүйеніш боп, бір жағдайларда қиналып тұрған болса соған көмектесейік, қарасайықшы дегендей қасиеттері бар.

Гүл өсіру – Шоираның сүйікті ісі. Оның айтуынша, гүлдер әсемдік, сұлулық пен тазалықтан бөлек шаңыраққа мейірім шуағын шашады. Ілтипат пен ізетке, парасаттылыққа бастайды.

Борчиной Бақтиярқызы, қызы:

Анамыз бізге ешқашан ұрысқан емес. Көңілді. Көбіне әзілге бұрып кетеді. Үйрететін.

Отбасы былтыр келін түсірді. Енді ата-аналық тәтті қиялмен немере күтіп жүр. Шоира ұрпағым дүниеге келсе оны да өзім тәрбиелеп, еліміздің айтулы азаматы етуге барымды саламын дейді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу