Осы қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған адамдарға қатысты сұрақтарға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жауап берді. Тергеу аяқталғаннан кейін әрбір азаматтың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты. Қақтығыс кезінде қайтыс болғандардың аты-жөні не себептен әлі күнге дейін жарияланбай жатқанын түсіндірді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Аты-жөнін жариялау үшін тергеу амалдары жүріп жатқанын айттым. Бүгінгі күні қанша адам полиция қызметкері, әскерилер, бейбіт тұрғындар, соның ішінде мерт болғандардың көбі террористер, соның бәрінің анық-қанығын білу үшін, жариялау үшін, тергеу амалдарының құпиясы деген болады, соның бәрі аяқталғаннан кейін жарияланады.
Сондай-ақ, Мәжіліс спикері Украина мен Ресейге қатысты пікір білдірді. Бауырлас елдердің бір-бірімен соғысып жатқаны қиын екенін және осы жағдайды шешу үшін Қазақстан қандай үлес қоса алатынын айтты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Украина мен Ресей біздің бауырлас елдер. Бізге осы шиеленіс ауыр тиіп отыр. Адамдардың өмірі қиылып, қалалардың талқандалып жатқаны - қиын жағдай. Қазақстан қалай көмектесе алады? Кеше Мемлекет басшысы тиісті мәлімдеме жасады. Біз келіссөз жүргізуге көмектесіп, тиісті алаңды ұсына аламыз.
Берік Көшербай