Алматыда қару-жарақ дүкенін тонағандарға қатысты сот үкімі шықты. Екі жігіт аңшылық дүкенінен қару ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Бүгін бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің өкілдері қаңтар оқиғасы бойынша деректермен бөлісті.
Бүлік кезінде Түркістан облысының екі тұрғыны банкоматты бұзып, миллион теңге ұрлап кеткен. Олардың кінәсі бейне-жазба мен тергеу әрекеттері арқылы дәлелденген. Жалпы, қазір сотқа дейінгі 3 мың 666 іс қаралып жатыр. Лаңкестік пен жаппай тәртіпсіздіктен басқа тонау, қару ұрлау, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсету жайттары тергелуде. Сондай-ақ, қару-жарақты өз еркімен тапсырғандар жауапкершіліктен босатылмақ. Тек әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмауы тиіс. Бүгінде 751 адам/ тергеу изоляторларында отыр. Барлығының қал-жағдайын құзырлы органдар күн сайын тексеріп тұр.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары:
Күдіктілер ұсталатын үй-жайларды күн сайын прокурорлар ғана емес, құқық қорғау ұйымдары да тексереді. Ұстау жағдайларына соның ішінде санитарлық нормаларға, тамақтануға, дәрі-дәрмекпен қамтуға және басқаларына ерекше назар аударылды.
Нысаналы Ығыл