Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарға - 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарға - 30 жыл

02.03.2022

Түркиямен дипломатиялық байланыс орнатқанымызға бүгін 30 жыл. Еліміздің шет мемлекеттегі тұңғыш елшілігі осы елде ашылған болатын. Осыған орай Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы ақпарат құралдары мен түркиялық саясаткерлерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында Қазақстанның жаңа саяси бағыты туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Бауырлас елдер арасындағы саяси-экономикалық және өзге де қарым-қатынастың жылдан жылға артып келе жатқаны айтылды. Мәселен 2021 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы рекордтық 5 млрд долларға жетті. Ендігі меже бұл көрсеткішті екі есе арттыру.

Хулуси Кылыч, саясаткер, Түркияның Әзербайжан мен Моңғолиядағы бұрынғы елшісі:

Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстарды өзге мемлекеттер үлгі етуіне болады. Осы жылдар ішінде Түркия Қазақстанға материалдық, моральдық жағынан көп қолдау көрсетті. 30 жыл ішінде Қазақстан аймақтағы ең дамыған елге айналды

Осы жиында «Екі ұлт бір жүрек» атты кітаптың да таныстырылымы өтті. Бұл кітапта Қазақстан мен Түркия оқушыларының тәуелсіздік жайында, екі елдің қарым-қатынасы туралы жазған шығармалары жинақталған. Жоба бауырлас елдердің білім беру бағытындағы байланыстарын арттырып, жастардың шығармашылығын ұштау мақсатында қолға алынған.

Алааддин Курт, «Денге» мектептерінің басқарма төрағасы, мектеп директоры:

Бұл кітапқа біздің мектептен 11 оқушының өлең, ертегі, эссе сияқты еңбектері енгізілді, ал Қазақстаннан 41 оқушының шығармасы алынды. Олардың қазақшасын түрікшеге, түрікшесін қазақшаға аудардық. Осылайша екі елдің оқушылары бақыт, достық, тәуелсіздік ұғымдары туралы бір-бірлерінің дүниетанымдарымен танысты.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу