Астана күніне тарту ретінде бүгін Алматыда «Алатау» мәдени орталығы ашылды.
Рояль пішінді сарай мегаполистің солтүстік-батыс беткейіндегі Алатау ауданында орналасқан.
Жалпы көлемі 10 мың шаршы метр болатын мәдени нысанда 100 және 150 орындық 2 кинотеатр мен 750 орындық концерт залы бар.
Қуанышты күнге орай салтанатты жиын өтіп, қала әкімі аудан тұрғындарын сәулеті мен келбеті келіскен жаңа ғимаратпен құттықтады.
Құрылысы 2012 жылдың соңында басталған киноконцерт орталығы - қалада соңғы 35 жылда салынған алғашқы мәдени нысан.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Осы сахнадан сіздердің көз алдарыңызда болашақ еліміздің мақтаныштары, өнер майталмандары самғап ұшатынына кәміл сенеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы аудандағы жаңа салынған нысандармен таныса отырып, Алматының болашағы Алатау ауданы арқылы дамиды деп атап өткен болатын. Ауданның келешегі зор. Алматының дамуындағы жаңа тынысы іспеттес.
Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР Халық әртісі:
Архитектурасы ешкімге ұқсамайтын, жаңа жалауын көтерген Алматыдағы үлкен Алатау ауданының бір белгісіндей кең жазира даланың көркін келтіріп тұрған сарай құтты болсын. Осында талай өнерпаздардың өнерін тамашалауға, талай жастардың осы мәдениет саласындағы, өмірдегі қол жеткен жетістіктерін тойлайтын күндер көп болсын, деп тілейміз.
Жазира ИСАЕВА