Виктор Пак: Алғыс айту күнінде барша қазақ халқына рахметімді айтқым келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Виктор Пак: Алғыс айту күнінде барша қазақ халқына рахметімді айтқым келеді

01.03.2022

Биыл корей диаспорасының Қиыр Шығыстан Алматы облысына күштеп көшірілгеніне - 85 жыл. Алғыс айту күнінде дәстүр бойынша жетісулық корейлер мен өзге ұлт өкілдері Бастөбе ауылы маңындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында салтанатты жиын өткізіп, ыстық ықыластарын білдірді. 1937 жылдың қара суығында жүздеген корей отбасын дәл осы Бастөбеге әкеліп, айдалаға түсіріп кеткен. Аш-жалаңаш халық тау етегінен жеркепе қазып паналауға мәжбүр болған. Алайда жергілікті қазақ ауылдары оларды үйіне кіргізіп,бір үзім нанын бөліскенін қазіргі ұрпақ ұмытпайды, ұмытпақ емес. Бүгінде облыстағы корей саны 16 мыңнан асады.

Виктор Пак, Қаратал аудандық Корей ақсақалдар алқасының төрағасы:

Қазақ халқына мың алғыс! Мен осы Алғыс айту күнінде барша қазақ халқына рахметімді айтқым келеді. Өзім осы жерде тұрып жатқан корейлердің үшінші буын ұрпағымын. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз де осы жерде білім алып, өсіп-өніп, еңбек етуде. Қазақ елі сол кезде өзінің қиын жағдайына қарамастан бізді және көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Біз бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу