«Алғыс саған, Туған ел». Бүгін Шымкент қаласының жұртшылығы осындай атаумен этноауыл тарихи кешенінде алғыс айту мерекесін тойлады.
Бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын көрінісі ретінде шаһар аумағында көктем белгісі бәйшешек гүлінің, мейірімділік құсы қарлығаштың алып бейнелері жасалып, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар таңертеңнен қамыр ашытып, қазан қамына қыз-келіншектер мерекеге жиналған көпшілікке ыстық бауырсақтан дәм татқызды. Мұндай ізгі сыйдан мерекеге қатыса алмай қалғандар да қалыс қалған жоқ. Бірнеше ат арбаға 1 миллион құрт, 1 миллион бауырсақ салынып, халыққа үлестірілді. Шаһардағы салт-дәстүр орталығы мамандары бұл сыйын теміржол вокзалы, автобекет, базарлар мен ірі сауда орындары, саябақтарда, студенттік қалашықта жүрген көпшілікке ұсынды.
Бақтияр Спанов, Шымкент қаласы Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының жетекшісі:
Бауырсақ пен құртты таратудағы мақсат қазақ халқының дарқандығы, кеңпейілділігі, қонақжайлылығы. Соның арқасында қазақ халқының тереңде жатқан тарихы мен пейілі, дәстүрін, жүрегінің ашықтығын көрсету.
Ғани Қалмаханов