«Nur Otan» партиясының атауы «Аманат» болып өзгертілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының атауы «Аманат» болып өзгертілді

01.03.2022

«Nur Otan» партиясының атауы «Аманат» болып өзгертілді. Бүгін елордада өткен саяси құрылымның кезектен тыс съезінде Мәжілістегі фракция депутаттары осындай ұсыныс білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдады. «Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым», - деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, «егемендіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Съезде Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру - тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деді. Қазір әлемдік ахуал жылдам өзгеріп жатыр. Күрделі сын-қатерлер орын алуда. Жаңа Қазақстанды құру - өте ауқымды міндет. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Президенті Қазақстан халқын алғыс айту күнімен құттықтады. Бұл өзара тілектестікті, жанашырлықты дәріптейтін мейрам. Осы ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық деді Қасым Жомарт Тоқаев.


Хабарламаларға жазылу