ЕуроОдақ Ресейдің 26 тұлғасына санкция жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕуроОдақ Ресейдің 26 тұлғасына санкция жариялады

01.03.2022

Украина президенті Владимир Зеленский елді ЕуроОдаққа қосу туралы өтінім берді. Соңғы мәліметтерге сай, Украинаның бұл шешімін Болгария, Чехия, Эстония тәрізді бірқатар мемлекет қолдаған.

ЕуроОдақ Ресейдің 26 тұлғасына санкция енгізді. Жаңа тізімге кіргендердің қатарында Кремль өкілі Дмитрий Песков, сондай-ақ саясаткерлер, журналистер мен мәдениет қайраткерлері бар. Одақ Мәскеуге қарсы санкцияларын күшейтетінін мәлімдеді.

Бейтараптық сақтап келген ел Ресейге санкция жариялады

200 жыл бойы сыртқы саясатта бейтараптық сақтап келген Швейцария да Ресейдің Украинадағы әрекетіне қарсы санкция жариялап жатқан елдер қатарына қосылды. Тізімде Ресей президенті Владимир Путин, премьер-министрі Михаил Мишустин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавров бар. Сонымен бірге, Путинге жақын бес олигархқа Швейцарияға кіруге тыйым салынды.

Ресейдің 12 дипломаты «Персона нон-грата» деп жарияланды

АҚШ Ресейдің БҰҰ-дағы 12 дипломатын «персона нон-грата» деп жариялады. Америкалық миссия өкілдері оларды АҚШ-та тыңшылықпен айналысты деп мәлімдеп отыр. БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензяның мәліметінше, тізімдегі дипломаттар наурыздың 7-не дейін АҚШ-тан кетуге бұйрық берілген.

Ресей клубтары УЕФА мен ФИФА-дан шеттетілді

Ресей құрамасы мен клубтары Халықаралық футбол федерациясы мен Еуропа футбол қауымдастығы одағынан шеттетілді. Олар жарыстарға қатысу мүмкіндігінен айырылды. Сонымен бірге, УЕФА өзінің негізгі демеушілерінің бірі - ресейлік «Газпром» компаниясымен ынтымақты үзгенін мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу