Украинадағы қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстары жүріп жатыр

28.02.2022

Қазақстанның Украинадағы елшілігі отандастарымызды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі, Польша, Молдова, Беларусь пен Ресейдегі дипломатиялық мекемелер де қазақстандықтарды елге қайтару бойынша жұмыстарды жеделдетіп отыр. Украина шекарасынан өткен отандастарымыз ыстық тамақпен және жататын орынмен қамтамасыз етіледі.
Украина мен Польша арасында жасалған уағдаластықтар аясында Қазақстанның 80 азаматы визасыз және ПТР тестілеусіз шекарадан өтті. Олар эвакуациялық рейсті Катовице қаласында күтеді. Қазақстанға алғашқы рейс бүгін келуі тиіс. Отандастарымыз қазір тіркеуден өтіп жатыр.

260 отандасымыз қазақстандық дипломаттармен бірге Украина-Польша шекарасында тұр. Киевтегі Қазақстан Елшілігі күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Елге оралғысы келетін 631 адамнан өтініш түсті.

Смаил Әбибулла, Қазақстан азаматы:

Польшадағы елшіліктің қызметкерлері күтіп алды. Сол жердегі құрметті консулдық өзі күтіп алды. Польшаға кіру, виза мәселесін де шешіп берді, ешқандай қиындық тумады. Паспорттық бақылаудан өттік. Осылай Польшаға келді. Катовице қаласында қонақ үйге орналастырды. Жағдаймызды жасап жатыр.

Руслан, Қазақстан азаматы: 

Украинаға 21-ақпанда келгенбіз. Шыны керек, не істерімізді білмей қалдық. Жағдай тұрақтағанша Киевте қаламыз ба деген де ойымыз болды. Бірақ, Қазақстанға қайтуға бел будық. Львов қаласындағы консулдық үлкен көмек жасады. Елге қайту үшін арнайы ұшақты күтіп отырмыз.
Қазақстандықтарды елге тасымалдау рейстері әлі де ұйымдастырылады. Украинадағы әскери жағдай қазір шекараға жету үшін қиындық тудырып отыр. Жолдарда кептеліс көп. Тиісті органдар Елшілікпен және Құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұрап отыр. Барлық азаматтарға қажетті көмек көрсетіледі.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Украина аумағында қалған жүк тасушылардың жүргізушілерін елге қайтару бойынша жұмыстарды пысықтап жатыр. Сонымен қатар, Харьковта оқитын қазақстандық 40 студентті Львов қаласына жеткізу амалдары қарастырылуда.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу