Жас мамандар сұранысқа сай білім алуы қажет. Бизнес пен мемлекет үйлесімді әрекет етсе берекетін көреді. Мәжіліс төрағасы Ақмола облысында болып, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады.
Жастарды машығына қарай маман қып даярлау маңызды. Қатқан оқу үрдісін үлгі ете бермей, заман сұранысын бағамдай білу керек. Ерлан Қошанов Бозайғыр ауылындағы колледж-мектеп-интернатында осыны жеткізді. Осы ретте академиялық дербестік беретін заң жобасы жетілдіріледі. Сонда бесаспап мамандар даярлауға болады. Ал, жұмысы жоқтық түрлі бәлеге шатылдырады. Мұны қаңтар оқиғасы көрсетті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Әлгі содырлардың, террористердің алға шығарғандары кімдер? Балалар. Біздің осы ауылда жұмыссыз жүрген жап-жас балалар, жастар. Міне, соған жол бермеу үшін біз біріншіден жастарға жұмыс беруіміз керек. Өнімді еңбекпен қамту керек. Егер сол қаңтар оқиғасында шынында президенттің батыл шешімдері болмағанда мынадай болашақтың мәселесін талқылар тұрмайтын едік.
Шолпан Ахметова, Бозайғыр ауылы колледж-мектеп-интернатының оқытушысы:
Елімізде бірлік, татулық, ынтымақ деген қасиетті ұғымдарымыз бар. Осы біздің президенттің сарабдал саясаты арқасында, үкімет басшыларының қарышты іс әрекеттерінің арқасында біз тұрақтылық пен тұтастығымызды сақтай білдік.
Колледжде аграрлык машиналар жасау, дәнекерлеу, қоғамдық тамақтандыру және ақпараттық технология оқытылады. 445 орынға шақталған. 148 адам білім алып жатыр. Ақмола әкімдігі оқу ордасын жаңғыртуға қаржы қарастырған.
Дәурен Жапар, Бозайғыр ауылы колледж-мектеп-интернатының студенті:
Осыған байланысты болашақта біз күрделі жұмыстар жүргізіледі деген ойдамыз. Жаңадан бізге заман талабына сай жас мамандарға көлік құралдарының арнайы макеттері керек.
Бұл Степногорскідегі жылу электр орталығы. Қаланы да, жақын ауылдарды да жарықпен қамтып отыр. Бірақ, магистральдық желілері тозған. Жаңалау үшін құжат әзірлеп, бюджеттен қаржы бөлу керек. Мәжіліс спикері облыс басшысына осы шаруаны тиянақтауды, әрі қарай Үкіметке өздері сауал жолдайтынын айтты. Төраға тұрғындарды да тыңдады. Степногорскіде қаңырап, қирап тұрған балабақша ғимараты бар. Соны жұрт оқушылар сарайына айналдыруды көздейді.
Ерлан Қошанов ел намысын қорғап жүрген жас спортшылармен де жүздесті. Сондай-ақ спикер медициналық серіктестік мамандарымен кездесті. Ол бизнес пен мемлекет үйлесімді әрекет ете білуі керек деді.
Ақмола аграрлы аймақ. Қолдау бар. Тыңайтқыштар, пестицидтер мен, биоагенттердің бағасын субсидиялау және жеңілдетілген несие беріледі. Демек, өнімде арзан әрі сапалы болуы тиіс.
Нысаналы Ығыл