Байқаған боларсыздар, Ұлттық арнада үлкен өзгеріс болды. Кешелі бері телеарнамыз жаңа логотиппен шыға бастады. Бұл тек таңбалық өзгеріс емес. Мағыналық тұрғыда да үлкен өзгеріс бар.
Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан ел. Жыл сайын жаңарып, түлеп отыр. Ал, Ұлттық арна – сол мемлекеттің атын иемденген арна. Олай болса, арнаның алдындағы міндет - елмен бірге жаңару, жаңғыру. Логотип ауыстырудың бір сыры осында.
Жаңа логотиппен таныс болыңыз. Түр-сипаты мынадай: Неге бұлай жасалды? Неге ту секілді етіп, логотипті көкпен көмкердік? Ықшамдап түсіндірейік. Көк түс – ел аспаны ашық, ел ертеңі айқын дегенді меңзейді. Ал сары түс – таңғы күн секілді – мемлекет қуаты күн санап артуда, халқы сол таңғы күндей тың әрі жас дегенді білдіреді.
«Менің Қазақстаным». Бұл тағы бір жаңалығымыз. Ұлттық арнаның имидждік -ұраны осы. «Менің Қазақстаным» дегенді кез келген көрермен мақтанышпен айтуы үшін де, телекомпания мазмұнға да үлкен өзгеріс жасады.
Бүгінгі таңда телеарна көрермендерге позитивті, жарқын көңіл-күй сыйлайтын бейнебаяндар ұсынуда. Экраннан адами құндылықтар, мейірім, мәдениет насихатталуда.
Естеріңізге сала кетейік, телеарнаның бұған дейінгі логотипі тура 8 жыл қызмет етті және жаңарудың барлық кезеңін бастан өткерді. Телевидениенің тұрақты дамуды талап ететін ең қарқынды сала екенін ескерсек, «Қазақстанның» жаңа визуалдық стилін жасау уақыттың талабы болды.
Нұрбек БЕКБАУ