Владимир Путин ядролық күштерді жоғары дайындыққа көшірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Путин ядролық күштерді жоғары дайындыққа көшірді

28.02.2022

Ресей президенті Владимир Путин елінің ядролық күштерін жоғары дайындыққа көшіруге бұйрық берді. Оның айтуынша, Батыс елдері заңсыз санкция жариялап қана қоймай, НАТО Мәскеуге қатысты агрессивтік мәлімделер жасап жатыр. Солтүстікатлантикалық альянс болса, Ресейге қатер төндірмегенін айтып отыр. Ал АҚШ Путинді атомдық арсеналға қатысты қауіпті риторикадан бас тартуға шақырды.

Еуропа одағы Украинаға қару әперу үшін 450 млн еуро жұмсамақ

Украина дағдарысы күшейген шақта Еуропа одағының 27 елі Украина армиясына қару сатып алуға 450 миллион еуро бөлу туралы шешім қабылдады. Одақ өз тарихында мұндай қадамға алғаш рет барып отыр. Аталған қаржы соғыс ұшақтары мен тікұшақтарды құлататын Стингер зымырандарына да жұмсалады. Сонымен қатар, Еуропа одағы Ресей ұшақтары үшін өзінің әуе кеңістігін жабатынын хабарлады.

Әскери қақтығыстар кезінде 352 адам қаза тапты

Ресей мен Украина армиялары арасындағы ірі шайқастар Киевтің айналасы мен Харковьте және Херсон, Мариуполь қалалары үшін жалғасып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, 368 мың адам көрші елдерге қашып, 352-сі қаза тапты. Құрбандардың 14-і – балалар. Ал босқындар саны 7 миллионға жетеді деген болжам бар.

Президент Владимир Зеленский кеңсесінің хабарлауынша, Ресей мен Украина келіссөздерді Беларусь -Украина шекарасында ешқандай шартсыз бастауға келісті. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ол кездесу бүгін өтуі мүмкін.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу