«Елбасы жолы» киноэпопеясының 4-ші бөлімі түсірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Елбасы жолы» киноэпопеясының 4-ші бөлімі түсірілуде

01.07.2014
«Елбасы жолы» киноэпопеясының 4-ші бөлімі түсірілуде

«Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі түсірілуде. Танымал режиссер Рүстем Әбдірәшевтің жетекшілігімен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұжымы қазір Қарағандыда жүр. Бүгін кеншілер шаһарындағы алғашқы түсірілім жұмыстары басталып та кетті.

Бұл бөлімдегі оқиғалар тізбегі Сұлтанның 30-40 жас аралығындағы өмірдеректерімен өрбиді. Яғни, партия хатшылығында жүріп жас та болса, іскерлік қырынан танылған жігіттің саяси шыңдалу кезеңі.

Шығармашылық ұжым фильмді түсіруді осыдан 1 ай бұрын Мәскеуде бастады. Айта кетерлігі, оған бірқатар ресейлік танымал актерлер де атсалысқан. Ал, Қарағандыдағы алғашқы жұмыс күні Костенко атындағы ескі шахтаның маңындағы футбол алаңында басталды.

Рүстем Әбдірәшев, режиссер:

Шынында да осы жерде шахтерлер мен металлургтердің арасында жарыс болған деген әңгіме бар.  Сол ойынды қалпына келтіріп, қазір түсіріп жатырмыз. Көп эпизодтардың бірі.

Жалпы, фильмде Қарағандыда түсірілетін басқа да эпизодтар көп болады. Мәселен, бұрынғы партия үйінде болған алқалы жиын сәтіндегі Сұлтанның жұмысшылар мүддесін көтерген тұсы, металлургиялық комбинаттың ұжымымен кездесуі, тіпті театрда сахналанған «Еңлік-Кебек» пьесасын тамашалаған сәті кеншілер шаһарында түсіріледі. Басты рөлді сомдайтын актер Нұрлан Әлімжан үшін киноэпопеяның бұл бөлімі оңайға түсіп жатқан жоқ.

Нұрлан Әлімжан, актер:

Бұл жерде 99 пайыз түгелдей орысша түсіріліп жатыр. Жай сөздер болса жарайды, сол кеңестік кездегі партияның терминдеріне толы ұзақ-ұзақ, кесек сөздер. Сол жағынан сәл қиыншылық тудырып жатыр кейде.

Қарағандыдағы түсірілім жұмыстары 1 айға созылады. Әзірше, Арқаның ауа райы, дайындалған орындар жарап тұр. Бұдан кейін киногерлер тобы жұмысын Алматы облысында жалғастырады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу