Украинаның шығыс аймағындағы қалалардан азаматтарды шығару қиынға соғуда – Дархан Қалетаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның шығыс аймағындағы қалалардан азаматтарды шығару қиынға соғуда – Дархан Қалетаев

27.02.2022

Енді біз үшін дәл қазір аса маңызды іске келсек. Украинадағы азаматтарымызды алып келуге. Аида Қыдырбай есімді Қазақстан азаматы 10 жылдан бері Украинада тұрады. Сол жақта тұрмыс құрған, журналистика саласында жұмыс істейді. Әскери операция басталмас бұрын жұмыс бабымен Европаға жол жүріп, енді отбасымен қауыша алмай отыр. 

Алайда түннен бері Украинадағы қазақстандықтарды эвакуациялауда бірқатар проблемалар туындап жатыр. Қазір Польшамен арадағы шекарада 1 миллионнан астам адам кезекте тұр. Біздің сол жақтағы елшілік қызметкерлері осылай хабарлаған. Сыртқы істер министрлігі жасыл дәліз ұйымдастырып, азаматтарымызды Польша арқылы шығарып алуды кеше бастаған еді.

Дегенмен Украина мен Польша арасындағы шекарадан Қазақстан азаматтары отырған 1 автобус қана өтіп үлгерген. Тағы екеуі кеденде кезекте тұр. Бірақ, өткен түнде ол жақта айғай-шу шығып, шекара тағы уақытша жабылған. Себебін Украинадағы елшіміз Дархан Қалетаев түсіндірді. Сонымен бірге көмек сұраған 600-ге жуық адамнан бөлек, өздерінің Украинада екенін хабарламаған, эвакуациялауды сұрамаған азаматтарымыз да анықтала бастады.

Украинаның шығыс аймақтарындағы қалалардан азаматтарды шығарып алу тіпті мүмкін болмай тұр.

Біз Аидамен бүгін күні бойы байланысуға тырыстық. Алайда мүмкіндігі болмай жатыр деп ойлаймыз, жауап бермеді. Отбасымен, кішкентай қызымен қауышты ма, жоқ па белгісіз. Дегенмен қызын құшағына алады деп сенеміз.

Айтпақшы, Украинадан шыға қалмай қалған қазақстандық 50 жүк көлігі жүргізушісі қай жерде тұрғандарын айтып, «Атамекен» ұлттық палатасына жіберген. Олар жүк толы көліктерін тастап, ұшып кете алмайды.


Хабарламаларға жазылу