Елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы

26.02.2022

Бүгін ел елең ете қалатын тақырыпты түгесіп талқылаймыз. Ол - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Жасыратын несі бар, заң қабылданып, шешім шықты демесең осыны құнттап жүрген ағайын аз. Сақтандыруың бар ма деп сұрамаса сақтандырылғанымызды сақ етіп айта қоймаймыз.

Бірақ ай сайын айлығымыздың белгілі 1% жұмыс беруші қорға аударып жатқанын ескерсек мұнымыз қаржыны қор қылумен тең. Қарапайым тілде ысырап қой. Өйткені біреу сен тегін емделсін деп төлейді, ал біз соны қолданбаймыз. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Бізде өзі сол екінші ұшының халыққа қатты тиетіні рас. 

Ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кемшіліктері. Дамыған елдермен салыстырсақ, елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай деуге тура келеді. Бүгін бәрін халыққа жіліктеп айтамыз, қымбат емді тегін алудың жолдарын қайталап қайтамыз. Теледидарға жақын отырыңыздар. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң елімізде 2015 жылы қабылданды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аса бастады. Жаңалықтар жақ сауып айтты, ақпарат аста-төк болды. Алайда медициналық сақтандырудың жай-жапсарына бәрі демеймін, көбіміз үңіле қоймадық. 

Бірақ бұл тек халықтың немқұрайлылығы емес, тегін емделейін десең алакөзімен ататын ақ халаттылар алдыңнан шығады. Халық солай деді. Және осыған жауапты денсаулық сақтау министрі деген лауазымға да адам тұрақтамай кетті ғой өзі. Бірақ шенеуніктің келіп-кеткені ештеңе шешпейді мұнда, өйткені денсаулық өзімізге керек. 

Ал денеңді дендеген дерттен емделу дегенің созбаққа салатын дүние емес. Мына мысалмен түсіндірейін, ауру өрт сынды, алғашында емдемесең ағзаңның басқа бөлігін шарпи береді. Оған да назар салмасаң отты өшіру мүмкін болмайды, күлі қалады. Адамның денсаулығы да сол, ауырып ем іздеу дегенің уақытқа тәуелді. Және ақшаға тәуелді. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң сол үшін де қабылданған еді. Оның ішінде жұмыс істейтін адамдарға арналғаны бар, мемлекет өз есебінен тегін емдететін бір қауым ел және бар. Құмының құны құйма алтыннан қымбат көрермен, қағаз бен қаламды дайындаңыздар. 

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң елімізде 2015 жылы қабылданған. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аса бастады. Онда барлық адамдардың құқығы тең. Медициналық қызметтердің көлемі мен құны шектелмейді. Жүйенің қазақстандық моделі әлеуметтік сипатта. Яғни, белгіленген 15 түрлі жеңілдік санатындағы 11 млн-ға жуық азаматқа мемлекет жарна төлейді.

Екі пакет бар: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), оларға сәйкес адамдар медициналық көмек ала алады. Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша мына қызметтерді көрсетеді.

- Жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек (санитариялық авиацияны, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына алып келетін аурулар кезінде ұтқыр бригаданың қызметтерін қоса алғанда).

- Емханаларда қызмет көрсету (кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару, халықтың нысаналы топтары үшін скринингтер, жүктілікті бақылау, профилактикалық егулер).

- Диагностика және емдеу:

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы іске қосылғанын айттық. Бірақ, жүйе енді-енді аяққа тұрып келе жатқанда коронавирус басталды. Бұдан бөлек, салаға министрлер тұрақтамады. Осының барлығы медициналық сақтандыру ісінің іркілуіне себеп болды. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Үкімет отырысында саладағы салғырттықты сынап, тіпті сақтандыру қорының басшылығын жұмыстан босату керектігін айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қалыптасқан жағдайға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен СҚ «Формацияның» басшыларын жұмыстан босату керек, қажет болған жағдайда тергеу амалдары жүргізілсін.

Азаматтар медициналық көмек аламын десе сақтандырылған санатта болуы тиіс. Ол үшін жеке сандық нөміріне міндетті түрде аударымдар мен жарналар түсіп тұруы қажет.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Жалпы, жұмыс берушілер 2017 жылдың шілде айынан бастап қарамағындағы қызметкерлердің жалақысының 1 пайызына тең ақшаны жарна ретінде аудара бастады. Бірақ жарнаны жұмыс беруші өз себінен аударады. 2019 жылы аударым мөлшері 1,5 пайызды, 2020 жылы 2 пайызды, 2022 жылдан бастап 3 пайызды құрайды. Егер сіз – жалдамалы жұмысшы болсаңыз, онда жұмыс беруші 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық табысыңыздың – 1 пайызын, 2022 жылдан бастап – 2 пайызын қорға аударып отырады.

Әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан науқастар тегін мемлекеттік медициналық көмек алады. Ол тізімге кірмейтіннің барлығы сақтандыру жүйесімен ем-дом жасайды. Ал, мемлекет өз тарапынан 15 санаттағы азаматтарға медициналық сақтандыру бойынша төлем аударып отырады. Олар - балалар, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, мүгедектер, мүгедек баласына қарап отырған ата-ананың бірі, үшке толмаған баласын бағып отырған ата-ана, көпбалалы аналар, ресми жұмыссыздар, жұмыссыз деп тіркелген қандастар және тіпті, тергеу мен абақтыда отырған адамдар да бар.

Забира Оразалиева, Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаментінің директоры:

Жеке кәсіпкерлер және жеке кәсіпкерлерге теңестірілген нотариус, адвокат, сот орындаушысы, медиатор дегендер бар олар ең төменгі айлықтың қазір 60 мыңды құрайтын айлықтың 1,4-ін 5 пайызының соммасын төлейді. Ол айына 4200 теңге болады.

Мақсат Халық, экономист:

Бұл барлығы былай айтқан кезде салықтың бір түрі болып тұр. Кәсіпкерлер үшін. Кәсіп жүргізіп отырған азаматтар бұған қатты көңілдері толмайды.Өйткені, олар әр жұмысшы үшін жеке табыс салығын төлеу керек, одан бөлек міндетті түрде зейнетақы аударымдарын жасайды, енді 3 пайыз көлемінде осы медициналық сақтандыруды аударуы керек. Мұның бәрі кәсіпкерлер үшін белгілі дәрежеде салмақ түсіріп отыр деп айтуға негіз бар.

Былтыр МӘМС-ға аударылған жарна мөлшері 751 млрд теңге. Оның жартысынан көбі, 346 млрды мемлекет тарапынан төленген. Оған қоса мемлекет тарапынан тегін медициналық көмекке бөлінген қаражат бар, бәрін қосқанда 2 трлн теңгеге жуықтайды. Бірақ ол да жетпейді, дейді мамандар.

Мыңжылқы Бердіқожаев, Орталық Клиникалық аурухананың нейрохирургия орталығының меңгерушісі:

Мемлекет басшысы қосымша қорлардан, компаниялардан қосымша қаражат көзін іздеңіз деп денсаулық тсақтау министрлігіне тапсырма бергеніне өздеріңіздер де куәгер болғансыздар. Сондықтан, егер жүйеге ақша жетіспесе жалпы медицина саласын кері тартатын рет болып табылады.

Елімізде өзін өзі жұмыспен қамтамасыз ететін, бірақ, медициналық сақтандыруға қаражат аудармайтын азаматтардың үлесі 15 пайыз деген мәлімет бар. Салдарынан тұтас медициналық сақтандыру жүйесінде қаражат тапшылығы байқалады. Ал, мүлде медициналық сақтандыруы жоқ адамға көмек беріле ме?

Ақтөре Оразбай, дәрігер:

Сақтандырылмаған тұрғындар тек ғана шұғыл көмек алады. Жоспарлы госпитализация олардың барлығы оларға жоқ. Шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін МӘМС бойынша түсіндірме жүргізіліп, қаржысын төлеп келсе бір күнде статус жаңарады, сақтандырылады. Содан соң жіберіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әлі де жетілдіретін тұс жетеді. Тегін дүниеге кезек көп, кезек бар жерге жемқорлықтың жабысатыны белгілі. Сол себепті де, азаматтар әр аурухана мен емхананың табалдырығын тоздырып жүрмес үшін жеке емханалардың қызметіне ақылы түрде жүгінеді.

Мыңжылқы Бердіқожаев, Орталық Клиникалық аурухананың нейрохирургия орталығының меңгерушісі:

Мына берілетін квоталар, берілетін рұқсат қағаздары тек белгілі бір аруханаға берілетіні соның бәрі сұрақ туғызады. Егер науқастың қолына сертификат берілсе, сол сертификатпен өзі қалаған мекемеден тексеріс өтетін болса онда мұндай кезектер бәлкім болмаушы еді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға халықтың көңілі тола ма, жалпы бұл жүйе керек пе?!

Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Дегенмен, әр елде оның іске асу процессі мен құны әр түрлі. Елімізде бұл жүйе енді-енді қалыптасып келе жатқандықтан сын мен мін бар. Анығы сол, медициналық сақтандыру – азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қорғаудың басты тетігі болып тұр.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу