Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларымен кездесті

25.02.2022

Валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түсті.

Санкциялардың салдарынан туындайтын саяси текетірестердің күшеюіне байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ақордада Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларымен кездесті.

Үкімет басшыларының жиыны геосаяси ахуалдың өте қатты ушығып тұрған кезінде өтіп жатыр.

Экономикаларымыз бір-біріне тығыз байланысты екенін ескерсек, оның салқынын ұйымға мүше елдердің сезетіні анық. Бұл жағдайда мейілінше бірлесе әрекет еткен жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түсті. Біз Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл тек басы ғана, алда өте күрделі жұмыстар тұр. Бұл жұмыстарды Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерімізбен келісе отырып жүргіземіз деп ойлаймын. Экономикалық, қаржылық және өнеркәсіптік жүйелердегі тығыз ықпалдастықты ескере отырып, тәуекел-қатерлерді бағалауға және жағдайдың кері әсерін төмендетуге бағытталған экономикалық шараларды әзірлеу үшін жұмыс тобын құру керек.

Ал үйлестіру жұмысын Еуразиялық экономикалық комиссия өз қолына алуға тиіс, деді Мемлекет басшысы. Бұл жағынан тәжірибе де жоқ емес. Мәселен, корона дағдарыс кезінде ұйым елдері шектеулерге қарамастан даму қарқынын жоғалтқан жоқ. Тіпті жоспарды асыра орындаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2021 жылдың қорытындысы бойынша Одақтың сыртқы саудасы 34 пайыздан асты, ал ішкі сауда көлемінің көрсеткіші одан да жоғары, яғни 67 пайызға жетті. Бұл – Еуразиялық одақтың ішкі сауда-экономикалық байланыстарының нығайғанын білдіретін жақсы көрсеткіш. Ішкі жалпы өнімнің жиынтық өсімі – 4,4 пайыз. Бұл болжанған көрсеткіштен едәуір жоғары. Өзара сауда-саттықты кеңейту, экономика салаларындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру жөніндегі бағытымыздың дұрыс екеніне қуаныштымын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің күн тәртібі өте тығыз екенін атап өтті. Оның пікірінше, өзекті проблемалар жемісті әрі табысты талқыланды. Ал, соңғы оқиғаларға байланысты енді ауқымды жұмыстар атқару керек екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріміздің үкіметтері аса күрделі проблемаларды шешудің тиімді жолдарын табуға тиіс. Бұл өте маңызды. Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысынан зор нәтиже күтеміз. Біз бар күш-жігерімізбен және еңбегімізбен мемлекеттеріміздің стратегиялық мүдделеріне сай келетін Еуразиялық экономикалық одақтың абыройы мен беделін сақтауымыз қажет. Шын мәнінде, азаматтарымыз бұл Одақтан нақты нәтижелер күтеді.

Ақордадағы кездесу барысында Үкімет басшылары еуразиялық ықпалдастықтың қазіргі және болашақтағы өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Қазақстан Президенті ортақ мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу