Қостанайда облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу аяқсыз қалды

25.02.2022

Қостанайда осыдан екі жыл бұрын басталған облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу аяқсыз қалды. Құрлыс жұмыстарының мүлде тоқтап тұрғанына алты ай болған. Бұған тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау-дамай себеп болып отыр.

Қостанай облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу 2020 жылдың тамыз айында басталды. Жоба құны 1 миллиард 204 миллион теңге. Жұмыс жарты жылда аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер бұл мерзімде үлгіре алмағандықтан сот шешімімен келісім-шарт тағы алты айға ұзартылды. Алайда бұл аралықта да жұмыс бітпеді.

Ирина Вохмякова, құрылыс бригадасының бригадирі:

Біз жұмысты бір ай кеш бастадық. Себебі аурухананың бірінші корпусы бос болған жоқ. Ал екінші корпусын қаңтардың 7-де ғана босатты. Біз оның жөндеуін араға алты ай салып, маусым айында ғана бастадық. Өйткені тапсырыс берушінің қолында не техникалық не авторлық бақылау құжаттары болған жоқ. Ал онсыз біз жұмысқа кірісе алмаймыз.

Мердігерлер соған қарамастан бірінші корпусты толық бітіріп, екінші корпуста жұмыс ауқымының 97 процентін атқарып болғандарын айтады. Енді қалған ұсақ-түйекті аяқтауға мердігердің мүмкіндігі жоқ.

Ұлықбек Асылбеков, Қостанай облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

Бүгінгі таңда жұмыс уақытында бітпегеннен кейін біз мердігерді сотқа бердік. Олар да өз талаптарын қойып сотқа жүгінді. Тамыздан бастап жұмыс тоқтады. Сот жүріп жатыр. Қарашадан бастап сот құрлыс сараптамасы тағайындалды.

Ал арнайы тексеріс жүргізген бақылаушы органдар құрлыстың бекіген жобаға сәйкес келмейтін тұстары бар екендігін анықтапты.

Сүйініш Байбәкіров, Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы:

Жобада жоқ нәрсені тапсырыс беруші хаттама толтырып қосып отырған. Мысалы тек сылақ болуы тиіс жерге кафель жапсырылған. Бұл заң талабын бұзу боп есептеледі. Жобаға өзгерту енгізгенде мемлекеттік стандартқа сәйкес нормалар сақталмаған.

Жөндеу жұмыстарын қайта бастау үшін алдымен сот құрылыс сараптамасының қортыныдысы шығуы керек. Одан кейін қанша уақытқа созылатыны белгісіз сот процесі басталады. Ал науқас балалар екі жылдан бері бір-бірінен жырақта орналасқан облыстық ауруханының қосымша ғимараттарында ем қабылдап жатыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу