Көлік сатып алғандардың 65 пайызы утильалым төлемеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік сатып алғандардың 65 пайызы утильалым төлемеген

24.02.2022

Қазақстанда құрастырылған көліктерден утильалым алынған емес. Ал ауыл шаруашылығы техникасы бағасының қымбаттауына кәдеге жарату алымының қатысы жоқ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі мәлімдеді. Күні кеше ғана 50 пайызға төмендетілген утильалым қашан қолданысқа енеді? Көлік неге қымбаттап жатыр? Осы және өзге де мәселелер жөнінде тілшіміз Дарын Сағитов тарқатады.

Былтыр елімізде сатылған темір тұлпарлардың 65 пайызы отандық көліктер. Яғни, көлік сатып алған отандастарымыздың 65 пайызы утильалым төлемеген. Егер шетелдік ауыл шаруашылық техникасын жасайтын компанияның өндіріс ошағы Қазақстанда орналасса, онда олардан кәдеге жарату төлемі алынбайды.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

МТЗ осында кеп зауытын ашып отыр. Ловол, Киревец, YTO тракторларына сұраныс бар. Былтырдан комбайн қосылды. Яғни, халықтың сұранысына ие ауыл шаруашылығы техникасының бәрі өзімізде құрастырылады. Осы техникаларды сатып алу барысында ешқандай утильалым төленбейді.

Утильалым мөлшері көлік бағасына әсер етпейді

Сонымен утильалым 50 пайызға төмендейтін болды. Бірақ оның қашан енгізілетіні белгісіз. Ведомство басшылығы тиісті шаралардан кейін, нақты мерзімін айтамыз деп отыр. Бірақ, нарық өкілдері жаңашылдық көлік бағасына айтарлықтай әсер етпейді дейді. Шет елден әкелінетін темір тұлпарлардың құны валюта бағамына қатысты өзгеруі мүмкін.

Бекнұр Несіпбаев, автокомпанияның бас директоры:

50 пайызға төмендейді деді ғой. Сол іске асқан күннен бастап біз автокөліктердің бағасын түсіреміз. Бірақ, жаңа автокөліктерді біз долларға сатып аламыз. Сондықтан бүгінгі таңда болып болып жатқан халықаралық жағдайға байланысты доллар бағамы өсуі мүмкін. Тиісінше автокөліктердің де бағасы өсуі мүмкін.

Соңғы екі жылда әлем бойынша көлік өндірісі бәсеңдеген. Бірақ, өткен жылы Қазақстанда авто көліктерді сату көрсеткіші 26 пайызға өскен. Биыл елімізде құрастырылатын және шет елден жеткізілетін темір тұлпарлардың санын 32 мыңға жеткізу жоспарланған. Ал шетелдік көліктердің қымбаттауы тасымал мен басқада шығындармен байланысты.

Анар Макашева, Қазақстан автобизнесі қауымдастығының вице президенті:

Пандемияға байланысты логистика саласында қиындықтар туындады. Автокөлік бөлшектерін жеткізетін порттарда шектеу шаралары енгізілді. Бұл импортерлер үшін үлкен қолбайлау. Тасымалдау бағасы да өсті. Мысалы, 1 жылда бір контейнерді жеткізу құны 3,5 мың доллардан 15 мың долларға дейін өсті.

Бізде отандық көліктердің бағасы көрші елдермен салыстырған әлдеқайда арзан. Ал бағаның өсуі көптеген нарықтық өзгерістермен қатар, қосалқы бөлшектерге қажетті металлардың қымбаттауымен тікелей байланысты.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

Қазір мыстың бағасы 9 жарым мың. Болат, темірдің бағасы 2 жарым есе өсті. Отандық көліктің бағасы, ресми деректерге сүйенсек 8,7 пайызға өсті бір жылда. Ал импорттық көлік 9 пайызға өсіп отыр.

Утильалым халық игілігіне жұмсалады

Утильалымнан түскен қаржы жеңілдетілген автонесие беруге жұмсалады. Игілігін халық көреді. Қазақстанда көлікті белгілі бір мерзімнен кейін утилизацияға өткізуге міндеттейтін заң жоқ. Бұл әр азаматтың өз таңдауы болмақ. Бастысы, көлікті кәдеге жаратуға өткізгенде иесіне ваучер беріледі. Құжат жаңа көлік сатып алғанда оның құнын арзандатуға мүмкіндік бермек.

Дарын Сағитов

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу