Украина мен Ресейдегі қазіргі жағдай: Путин Украина әскерінен қаруын тастауды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мен Ресейдегі қазіргі жағдай: Путин Украина әскерінен қаруын тастауды талап етті

24.02.2022

Ресей президенті Владимир Путин Донбасста әскери операцияның басталғанын жариялай отырып, Украина армиясынан қаруын тастауды талап етті. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, мұндай мәлімдемені Кремль басшысы мемлекеттік телеарна арқылы жасады. Путиннің айтуынша, бұған дейін «ЛНР» мен «ДНР» жетекшілері Мәскеуден көмек сұраған. Алайда Украина Ресейге және осы аудандарға қауіп төндіргенін жоққа шығарып отыр.

«Ассошиэйтед пресс» агенттігі Украинаның Киев, Одесса, Харковь және өзге де ірі қалаларында жарылыстардың жаңғырығы естіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар Киев пен Харковқа ракетамен соққы берілген.

Ресей қорғаныс министрлігі болса Украинаның әскери нысандарын ғана дәлдеп атып жатқанын айтады. Украина қарулы күштері де шабуылға кіріскенін мәлімдеп, Ресейдің 5 ұшағын құлатып, 50 адамын мерт қылғанын хабарлады. Мәскеу мұны жоққа шығарып отыр.

Президент Владимир Зеленский телеарна арқылы сөз сөйлеп, елінің соғысты қаламайтынын, бірақ қорғануға дайын екенін жеткізді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:
Біз соғысты қаламайтынымызды сеніммен айта аламыз. Қырғи-қабақ соғысты да, отты соғысты да, гибридтік соғысты да қаламаймыз. Алайда шабуыл жасалса, елімізге, бостандығымызға, өмірімізге, балаларымыздың өміріне қауіп төндірсе, өзімізді қорғауға дайынбыз. Шабуыл жасамаймыз, қорғанамыз.

Украина өзінің әуе кеңістігін қауіпсіздік мақсатында уақытша жапты. Сонымен қатар Жоғарғы Рада ел аумағында әскери жағдай жариялауға дауыс берді. Ол режимге сәйкес, әскер қатарына шақырылатын резервистердің қозғалысы шектеліп, ақпарат құралдарының қызметі бақылауға алынып, тұрғындардың құжаттары тексеріледі. Бұған қоса, Ресеймен және Беларусьпен арадағы шекараларда күзет күшейтіліп жатыр.

Украина Донбасс Владимир Путин Владимир Зеленский әскер

Хабарламаларға жазылу