Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысты

22.02.2022

Қазақстан инвесторлар алдындағы міндетін толық орындайды. Шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысқан Мемлекет басшысы еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді. Оған ірі шетелдік компаниялардың, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдар және ұлттық компания өкілдері қатысты.

Қаңтар оқиғасы көптің көкейінде сан түрлі сұрақтардың қылаң беруіне септік еткені жасырын емес. Әсіресе елге қомақты қаржы салып, бизнесті дамытып отырған инвесторлардың алаңдаушылығы заңдылық. Президент елдегі инвестициялық ахуалдың жақсаруы үшін барлық кепілдіктер орындалатынын қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет басшысы ретінде айтарым. Еліміздің шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясаты стратегиялық басым бағытымыз ретінде қала береді. Қаңтар оқиғасы біздің нарықтық экономика принциптеріне бейілдігіміз бен заң үстемдігіне және халықаралық, ішкі міндеттемелерді орындауымызға еш кедергі емес.

Тіпті керісінше, деді Президент. Бұл оқиғалардан кейін Қазақ елінің дамуы қарқынды бола түседі. Қазақстан үлкен трансформациядан өтіп жатыр. Оны тоқсаныншы жылдардағы өзгерістермен салыстыруға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономикалық реформалардың принципиалды идеясы ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші мен әлемдік рейтингтердегі орын емес, халықтың табысы мен күнкөріс деңгейінің өсуі болып табылады. Бұған жаңа қалыптағы кәсіпкерлер мен жоғары сапалы инвестицияларсыз қол жеткізу мүмкін емес.

Мемлекет басшысы кейбір тұлғаларға оң көзбен қарау деген болмайды деді. Олигополия мен жемқорлыққа да жол жоқ. Бизнестің дамуы елдегі саяси жүйемен тікелей байланысты екенін уақыт көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында кешенді саяси өзгерістерді жариялайтынын айтты.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу