Жаңаөзенде 50 орындық аурухананың құрылысы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде 50 орындық аурухананың құрылысы аяқталды

24.02.2022

Жаңаөзен қаласында 50 орындық аурухананың құрылысы аяқталды. Тек пандемияға байланысты шетелдерден жеткізілетін кейбір қондырғылар кешіктірілуде. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған жаңа аурухананы мұнай компаниясы салып берді.

Аурухана ғимараты 4 қабатты, аумағы үлкен. Сондықтан мұнда 11 бөлімше ашылады. Шамамен 250-ден астам жұмыс істейді. Ота жасау, жансақтау бөлімдері қажетті жабдықтармен толық қамтылған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Магниттік резонанстық томорафия аппараты Жаңаөзен қаласында бұрын-соңды болмаған. Енді міне жаңа ауруханада іске қосылады. Шет елден келген мамандар қондырғыны орнатып, жергілікті мамандарға қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіруде. Бұл аппарат арқылы науқастарға нақты диагноз қойылады және қатерлі ісікті анықтауға болады.

Медициналық жабдықтардың басым бөлігі жеткізілген. Олар өз алдына бөлек диагностикалық орталыққа шоғырландырылған.

Гүлшарат Қонақбаева, рентгенолог дәрігер:

Рентген аппараты осы 2021 жылы шығарылған. Бұлардың бір жақсы қасиеті бұрынғы аппараттармен салыстырғанда науқасты ешқашан қозғамаймыз. Осы жатқан күйінде барлық проекцияда рентгенге түсіреді. Әсіресе ауыр жағдайдағы науқастарды ешқалай қозғамаймыз.

Жаңа ғимаратқа қалалық көпбейінді ауруханадағы бөлімшелер түгелдей көшіріледі. Дайындық жұмыстары басталып кеткен. Медициналық ұйым келер айда іске қосылмақ.

Серік Асқаров, Жаңаөзен қалалық Көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы:

Жабдықтар көп бұл жерге келіп жатқан. Оңалтуға Ақтауға жіберетінбіз. Травмотология, неврология, инсульттан кейінгі ауруларды соларға бәріне оңалту аппараты келіп жатыр. Реабелитолог маман дайындап жатырмыз.

Әзірге жаңа ауруханада тәжірибелі кардиохирург, нейрохирург дәрігерлер тапшы. Барлығы 10 маман қажет. Аурухана басшысының айтуынша, өзге аймақтан арнайы келіп, жұмыс істеуге ниет білдірген дәрігерлерге жағдай жасалмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу