Былтыр туризм саласына 564 млрд теңге инвестиция тартылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр туризм саласына 564 млрд теңге инвестиция тартылған

22.02.2022

Отандық туризм саласына өткен жылы 564 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл- қиын кезеңдерге қарамастан туристік әлеуеттің артуына сеп болды. Вице-Премьер Ералы Тоғжановтың сөзінше бұған туризм саласында қабылданған заңнамалық өзгерістердің оң ықпалы тиді. Осының арқасында бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шаралары жүргізілді. Саладағы инвестициялық бастамаларды тану шегі 2 млн айлық есептік көрсеткіштен 200 мыңға дейін төмендеген. Бұл туристік нысандардың инфрақұрылымын жөндеуге таптырмас мүмкіндік.

Айта кетейік, енді туризм саласын дамытуға жұмсалған қаражаттың бір бөлігі кәсіпкерлерге субсидияланатын болады. Мәселең, биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында биыл 324 орындық 15 демалыс орны салынған. Оған 1 млрд теңге инвестиция құйылыпты. Қазір курорттық аймақтағы демалыс орталықтарының саны 40-қа жеткен. Әрі келіп-кететін туристердің де саны артқан.


Хабарламаларға жазылу