Елімізде 285 елді мекенде су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 285 елді мекенде су басу қаупі бар

22.02.2022

Елімізде 285 елді мекенде су басу қаупі бар. Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі осылай деп мәлімдеді. Тасқынның алдын алу шаралары кешенді түрде қолға алынған. Қазір бізбен әріптесім Дарын Сағитов тікелей байланыста. 

 Дарын Сағитов, тілші:

Төтенше жағдайлар министрі су басу қауіпі жоғары 5 аймақ бар деді. Олар Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Күн күрт жылынып, қар жылдам еріп, толассыз жауын-шашын болса, өзге аймақтардағы жағдай да күрделенуі мүмкін. Кешенді алдын алу шаралары нәтижесінде 340 елді мекен қауіпті аймақтан шығарылды. Су басу қауіпі бар 278 жол учаскесі мен 600-ден астам теміржол бөлігі бар. Бұл аумақтарды алдын ала бақылауға алу қажет.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

Жергілікті бюджеттерде жеткілікті қаражат қарастырылуы керек. Су тасқынының алдын алуға қатысты бүкіл мәселелерді әкімдіктер қатаң бақылаудға ұстауға тиіс. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдермен бірге жедел штабтар құруды, тасқын қаупі туындаса, халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз етсін. Аталған мәселе бойынша жұмысты үйлестіру Роман Васильевичке жүктеледі.

Қазір су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бірақ ұзақ уақыттан бері жүйелі шаралар қабылданбай келді, - деді Үкімет басшысы.

Қараусыз қалған гидротехникалық нысандарды анықтап, коммуналдық меншікке беру жұмыстарын ширату қажет. Мұндай құрылыстар саны былтыр 10 болса, биыл 25-ке жеткен. Отырыста Премьер сонымен қатар жауапты ведомстволарға трансшекаралық өзендердің жағдайы бойынша мәлімет алмасуды жетілдіруді тапсырды. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу