Қаңтардағы бүлікке қатысты жаңа фактілер анықталып жатыр. Прокуратураның мәліметінше сот санкциясымен 469 адам қамауда отыр. Бүлікшілер 18 жастағы қарусыз сарбазды көпірден лақтыруға дейін барған. Абырой болғанда ол тірі қалды. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің өкілдері өзге де тың мәліметтер келтірді. Сырттан қауіпсіздік күштерінің келуі жоспарларына кедергі деп түсінген бұзақылар теміржолдарды жапқан. Үш жолаушылар және бес жүк пойызының қозғалысын тоқтатқан. Сосын полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздарына шабуыл жасап, нысандарды қиратып, өрт шығарды. Ал, Талдықорғанда полиция ғимаратынан 20 тапанша ұрлаған күдікті ұсталды. Атыс қаруын алған ол нысанда оқ атты. Қызылорда облысында күдікті полицейге шабуылдаған серіктесінің денесін мәйітханадан ұрлап кеткен. Осылайша қылмысын жасырмақ болыпты. Яғни, атыс кезінде шабуылдаушылардың бірі өлтірілген. Бір сақшы басынан ауыр жарақат алған.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары:
Азаматтар бастапқыда бейбіт митингіге барғанын, содан кейін бұл бастаманы қылмыстық және деструктивті күштер ұстап, қирату мен тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, мемлекеттік билікті басып алу мақсатында лаңкестік актілерін жасағанын көріп отырмыз.
Қылмыскерлердің ұрланған қаруды сату фактілері анықталды. Жамбыл облысы Байзақ ауданында Калашников автоматын сату барысында Тараз қаласының 45 жасар тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде күдіктіден 300 мың теңге, көлік салонынан екі «Калашников» автоматы оқ-дәрісімен тәркіленді. Қолды болған қаруларды іздеу және тәркілеу жұмыстары қарқынды. Мысалы Алматыда Шаңырақ ауданында 2 адамнан тапанша мен автоматтың 5 мың оғы табылды. Қорғану құралдары, танкіге қарсы снарядтар, тегіс ұңғылы қару, 7 пневматикалық винтовка, оның біреуі оптикалық көздегішімен. Шабуылдан 3 мыңнан аса құқық қорғау органы қызметкері мен әскерилер жарақаттанды.
Нысаналы Ығыл