Елодада халықтың сүйіктісі қоғамдық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Әлеумет өзі ұсынып, өзі таңдаған ашық байқауда мұғалім, дәрігер, қоғам қайреткері мен спортшылар, журналистер мен блогерлер бақ сынады. Халық өткен жылдың соңында әлеуметтік желілер арқылы дауыс беріп кіл мықтыларды анықтаған еді. Толығырақ тілші тарқатсын.
Данияр Ерғалиұлы колледжд оқытушысы. Инновациялық жұмыстарға жетекшілік жасап, ғылыми зерттеулер жүргізіп, білім берудің жаңа бағыттарын әзірлеген маман. Өзі қоғам белсендісі. Осы еңбектерінің арқасында «Үздік педагог» атанды.
Данияр Ерғалиұлы, Жезқазған индустриалдық гуманитарлық колледжінің ұстазы, «жылдың үздік педагогы» марапатының иегері:
Қазіргі колледждерде академиялық дербестікті жүзеге асыру бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңартылған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып жатырмыз. Еңбек нарығымен тығыз жұмыс жасаймыз.
Байқауда 10 аталым бойынша 200 ге жуық үміткер бақ сынады. Мықтыны халық анықтап, ұйымдастырушылар тарапынан 14 қосымша номинация табысталды. Жыл спортшысы- паралимпиада чемпионы Давид Дягтярев деп танылса, үздік дәрігер номинациясын жүрекке ашық ота жасаушы кардиохирург Юрий Пя иеленді. Жыл Парламентариі депутат Еділ Жаңбыршинге бұйырды. Ал марқұм Раджан Батыркановқа берілген «Батыл жүрек» номинациясы анасына табысталды.
Ғизат Батырканова , «Батыл жүрек» номинациясының иегері, марқұм Раджан Батыркановтың анасы:
Менің ұлым Раджан Батырканов – 1994 жылы Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапты. Халқы үшін, достары үшін кеудесін оққа тосып мерт болды. Ұйымдастырып жатқан шекарашыларға, барлықтарына рахметімді айтамын.
2011 жылы блогер Ғалым Байтоқтың ұсынысымен бастау алған бұл игі шараның өзектілігі жылдан-жылға артып келеді. Қазылар алқасының шешімімен Голивудты бағындырған кино майталманы Нұржұман Ықтымбаев «Алтын дәуір» номинациясын алды.
Нұржұман Ықтымбаев, актер, Қазақстан Республикасы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Алтын дәуір» номинациясының иегері:
Мына марапат өте дұрыс шешім,бұған менен басқа ешкім дәл келмейді енді. Ұйымдастырушыларға мыңда бір рахмет. Аман болайық.
Кәсіпкер, фермер, блогер секілді кіл мықтылар қатысқан жоба соңында қайырымдылық аукционы өтті. Одан түскен қаржы қайырмдылыққа жұмсалатын болды.
Мақпал Ауғанбай