Субсидияларға бөлінетін қаржының «желінетінін», талан-таражға түскеннен бөлек, тамыр-таныстықпен бөлінетінін бәрі біледі. Шаруалар мәселелерін баяндағанда сөзді субсидиядан бастайды.
Бұл жолы Ақмола облысында тұратын Еркін Самалханды тыңдадық. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 22 миллион теңге несие рәсімдеп, бұл қаржыға 40 ірі қара сатып алады. Несиенің үстемесі 16 пайыз. Шарт бойынша оның 10 процентін мемлекет субсидия ретінде төлеп беруі керек. Қалған 6 пайызы өзінің мойнында. Оны Еркін Төлеген. Енді бюджеттен төленетін бөлігін ала алмай жүр... Ермек Елбергеннің материалы.
Еркін Самалхан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 22 миллион теңге несие рәсімдеп, бұл қаржыға 40 ірі қара сатып алады. Несиенің үстемесі 16 пайыз. Шарт бойынша оның 10% мемлекет субсидия ретінде төлеп беруі керек. Қалған 6 пайызы өзінің мойнында. Оны Еркін төлеген. Енді бюджеттен төленетін бөлігін ала алмай жүр.
Еркін Самалхан, «Сенім 2019» серіктестігінің директоры:
«Арық атқа қамшы ауыр», - дейді қазақ. Дәл осындай, мынадай қысылтаяң жағдайда бізге ондай ақшаны қалтамыздан алып шығып төлеу – бір жағы өте қиын. Екінші жағы бұл заңға сыймайтын дүние. Өйткені ол бізге төлеуге тиіс дүние емес. Шарт бойынша 6 процентпен төлейсіндер деген қолымызда келісімшарт бар. Ал енді осындай қиын жағдай болып жатыр. Енді біздегі ең соңғы шығар жол – осы бүкіл шаруа қожалықты жауып, сатып, осы қарыздардан құтылу. Басқа бізге шығар жол қалмай тұр. Ешқандай көмек жоқ.
Шаруашылық Ақмола облысы Бурабай ауданы Успеноюрьевка ауылында орналасқан. Серіктестіктің ашылуы ауылға да жақсы болды. Жұмысқа кіріп, табыс тауып жүргендер бар. Шаруа қожалығы жабылса, олар да жұмыссыз қалады.
Геннадий Щербаков. жұмысшы:
Жұмыс көп. Малға күтім керек қой. Таңнан кешке дейін жем-шөбін береміз. Қораны тазалаймыз. Биыл мал азығы тапшы. Күзде шөп аз болды. Жем қымбат. Сондықтан үнемдеп береміз.
Иә, несиелік төлемнен басқа, ағымдағы шығындар да жеткерлік. Еркін Самалхан несиелік қарызын жарты жылда бір төлейді. Осыған дейін қараша айында төлем жасаған. Ал мемлекеттен берілетін 10 пайызы төленбей қалған. Ол соммаға 3 айда өсім қосылып, қазіргі уақытта Еркіннің қарызы ретінде тұр. Субсидия алуға өтініш электронды түрде «Қолдау» деп аталатын бағдарлама арқылы беріледі. Алайда «Қолдау» қорлау болып тұр, - дейді шаруалар. Көбіне істемей тұрады. Ал интернеті баяу немесе мүлдем жоқ шалғай ауылдардағы шаруа қожалықтарына мүлдем қиын.
Еркін Самалхан, «Сенім 2019» серіктестігінің директоры:
«Қолдау» деген бағдарлама бар. Бұл «Қолдау» деген бағдарлама қолдау емес, бұл қорлау халықты. Мынау ауылдағы мал бағып, адал еңбегімен, маңдай терімен мал бағып жүрген халықты қорлау. Бұл бағдарламадан кеткен, жаңа айттым ғой, «Қолдау» деген нәрсе, осыдан кеткен қателік. Егер мемлекет, билік басында отырған кісілер ойласатын болса, не үшін бірден халыққа 6 пайызбен бере салмайды? Оған «Қолдау» деген делдалды әкеп, елге төленетін субсидияны талаң-таражға салып, әке-көкелер жеп алады да, мына жақтан келіп халықты қысады.
«Субсидия, несие алған күннен бастап неге автоматты түрде есептеліп төленбейді?» деген заңды сұрақ қояды шаруалар. Ал жергілікті атқарушы билік бұл жалпыға ортақ талап, бізде қолдан келер шара жоқ деп отыр. Еркін несиені 2020 жылы алды. Кесте бойынша алғашқы төлемі өткен жылдың қарашасында болды. Дәл осы төлемнің 10 пайызы мемлекет есебінен жабылмапты.
Айнұр Досанова, Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
Cубсидия несие келісімшарты рәсімделген уақыттан емес, субсидияға өтініш берілген күннен бастап есептеледі. Еркін Самалхан 2021 жылдың қазанында өтініш берді. Сондықтан «Қолдау» жүйесі субсидияны тек бір айға ғана есептеді. Қалған қаржы қарыз ретінде қалды. Оны борышкер өзі төлеу керек. Сондай-ақ, 4-желтоқсанда қабылданған жаңа ережеге сәйкес, алдында төленбей қалған ақша биылғы қосымша қаржыландыру есебінен шаруаға қайтарылады.
Осы уақытқа дейін жиналып қалған 2 миллион теңге қарызды Еркіннің өзі төлеуі керек, дейді мамандар. Өйтпесе, бағдарламадан шығарылып, субсидиядан мүлдем қағылмақ. Ал келесі төлемнен бастап, 10 пайыз толық өтелмек.
Субсидияның машақатын тартып жүрген жалғыз Еркін емес. Былтыр техника сатып алып, бірақ тиесілі мемлекеттік қолдаудан қағылғандар бар. Арыз-шағым көп. Ал жауапты мамандар биылдан бастап жағдай өзгереді дейді.
Уәлихан Ескендіров, Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
Алдыңғы жылдары субсидияға өтінішті бізде қаржы болған кезде ғана беруге болатын. 1-қаңтардан бастап күту парағы деген енгізілді. Демек, бізге келіп түскен барлық өтініштер өңделеді. Егер субсидияға бөлінген қаржы таусылып қалса, онда келесі лекпен беріледі. Қазір бізде 1600-ден астам өтініш бар. Оның барлығы қаралады. Ешкім назардан тыс қалмайды. Тек кезегін күту керек.
Биыл Ақмола облысына ауыл шаруашылығын субсидиялау үшін 31 миллиард теңге бөлінген. Алайда, тағы 29 миллиард теңге қажет. Сұраныс, қажеттілік осы. Диқандар мен шаруалар бюджеттен қаржы бөлгенде жобаға жақын ақша қарастырылса дейді. Ал Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, қажетті субсидия көлемін нақты жоспарлау мүмкін емес. Себебі кімнің қанша техника, неше мал алатыны белгісіз. Алайда алдын-ала анықтап, зерттеуге не кедергі, түсініксіз. Қажетті субсидияны дер кезінде алуы үшін шаруа адамы ондай мәліметті өз аяғымен барып беруден де қашпайтыны анық.
Ермек Елберген