Қаңтар оқиғасы: Қара жамылған отбасылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Қара жамылған отбасылар

20.02.2022

Светлана Сәрсенбаева күйеуі Зиятжан Қошқаровпен соңғы рет 5 қаңтарда телефон арқылы сөйлескен. Құрылысшы болып істеген отағасы «Алтын Орда» базары маңынан өте алмай тұрғанын айтқан. Содан кейін хабарсыз кеткен. Іздемеген жері қалмапты. Тек 1 ақпан күні полициядан хабарласқан. Светлана Сәрсенбаева алты баласымен жесір қалды. Жетіншісіне аяғы ауыр...

Қаңтар оқиғасында талай отбасы қара жамылды. Бірі бауыр еті баласынан айырылса, енді бірі арқа сүйер азаматын жоқтап отыр. Қайтыс болған жандардың жақындары оқ атқандар анықталып, заң аясында жазаланғанын талап етеді. Сонымен бірге азаптау фактілеріне байланысты да талап сондай. Данияр Қайыртайдың материалы.

Бұл қаңтардың бесі күні оққа ұшқан 12 жастағы Сұлтан Қылышбектің соңғы видеосы. Банкоматтан ақша алу үшін кешкісін анасы мен аға-жеңгесіне ере шыққан. Шеру болып жатқанын білген. Бірақ оқ атылады деп ойламады...

Гаухар Кәрімбекова, марқұм С.Қылышбектің анасы:

Менде қайттық деп бұрылып қарап едім. Телефонын шығарып төбені телефонға түсіріп жатыр екен. Содан кейін шын атылып жатқанын түсінді ғой деймін. Телефонын өшіріп бұрылайын дегенде құлайды бала. Мен бірінші шалынып құлады ма деп ойлап едім. Басынан қан кеткенде бірақ білдім.

Гаухар Кәрімбекова баласына қаңғыған оқ тиді дегенге сенбейді. Смартфон камерасына түсіріп жатқанын байқап, әдейі атқан деп есептейді. Сондықтан кінәлілер анықталып, қатаң жазалануын талап етеді.

Айкөркем атты 4 жасар қызынан айырылған Айдос Мелдеханұлы да жауыздардың жазаға тартылуын талап етеді. Қаңтардың жетісі оның үш баласы отырған көлікке белгісіз біреулер шамамен 30 оқ атқан. Рөлде – үйдің үлкені Бауыржан еді.

Бауыржан Мелдехан, марқұм А.Мелдеханның ағасы:

Қашайын дегенмін, сол кезде көліктің жан-жағынан оқ жаудырды. Содан екі көше жүрдім. Көлігім сөніп қалды. Артыма қарасам Айкөркемнің басына оқ тиген, миы көрініп тұрды.

16 жастағы қарындасы – Жәнелге де бірнеше оқ тиген. Қазір ол ауруханада жатыр.

Айдос Мелдеханұлы, марқұм А.Мелдеханның әкесі:

Сол қыздың амандығын тілеп отырмыз барлығымыз. Сауығып, үйге келсе екен деп отырмыз. Бүгінге дейін екі ауыр ота жасалды. Денесінен 3 оқ шығарды, әлі біреуі бар. Қанша оқ тесіп өтті. Содан аман қалды қызым.

Құрмангүл Станбекова үш күн хабарсыз кеткен ұлы – Тұрар Арыстанқұловтың мүрдесін мәйітханадан тапқан. Қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиіп, опат болыпты. Автобус жүргізуші болып істейтін ұлы 5 қаңтарда жұмысына барады, бірақ сол күні қоғамдық көлік тоқтатылғандықтан басшылық бүкіл ұжымды таратып жіберген.

Қайтып келе жатып, митингіге тоқтайды.

Құрмангүл Станбекова, марқұм Т.Арыстанқұловтың анасы:

Ол жерде бала да жүр, әйел де жүр. Үлкен кісілер де жүр. Жұмыстан шыққаннан кейін елмен бірге барса барған шығар. Бірақ ешкім атады деп ойлаған жоқ қой. Атыстың үстінде қалып отыр ғой.

Сонда алаңда бейбіт шерушілерден өзге кімдер болған? Бас прокуратура мәліметінше, қазір 741 күдікті сот санкциясымен қамауда отыр. Прокурорлар сипаттағандай, оның 113-і – бұрын сотталған, 42-і – тыйым салынған экстремистік ұйым өкілі, 35-і – ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі екен.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы 1 қызмет бастығының орынбасары:

Алматы қаласы бойынша олардың портретін жасадық. Негізінен олар – жоғары білімі мен тұрақты жұмысы жоқ 30 жасқа дейінгі жастар. Алматы қаласында анонимді сауалнама жүргізу барысында әрбір үшінші қиратушы жағдайды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлағысы келгенін мойындады.

Қаңтар оқиғасы бойынша 3096 сотқа дейінгі тергеу тіркелген. Олар негізінен жеке меншікке залал келтіру, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары. Ал арнайы прокурорлар басқаратын тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі бойынша 181 іс тергеп жатыр. Заңда терроризм әрекеті деп нені айтады?

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы 1 қызмет бастығының орынбасары:

Жекелеген тұлғалардың әрекеттері халық арасында үрей мен қорқыныш туғызды және мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды мақсат етті. Сол үшін олар мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдік ғимараттарына, сондай-ақ тәртіп күштері объектілеріне шабуыл жасап, оған тосқауыл қойды. Сондықтан осындай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризм актілері ретінде сараланады.

Ал «ереуілде террористер де, содырлар да болған жоқ» деп жүргендер бейбіт шерушілерге жала жауып отырғанын түсінуі керек, дейді депутат Қазыбек Иса.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер бүлікші болмаса, содыр болмаса, террорист болмаса, қылмыскер болмаса, адамдарды кімдер өлтірді? Әкімдіктерді кімдер өртеді? Көшеде кетіп бара жатқан жай жастар кімнің оғынан қаза тапты? Полиция департаментіне кім шабуыл жасады? Одан кейін интернеттің бетіндегі шабуыл одан кем болып жатқан жоқ. Олар кезінде өздері өлтірген құрбандарының өзін қайтадан пайдаланып, соларды билікке жауып жатқандар бар.

Сондай-ақ, Бас прокуратура Қаңтар оқиғасынан кейін күштік құрылымдардың әрекетіне байланысты 363 шағым түскенін әрі азаптау және тергеудің заңсыз әдістері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 178 қылмыстық іс тергеп жатқанын хабарлады. Ал сол Агенттік төрағасы азаптау фактілері бойынша істерді прокуратураға қайтарып бергенін айтты.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Азаптау бойынша қылмыстық істердің бәрі Бас прокуратураға қайтарылды. Өйткені дене жарақаты бар адамдарды арнайы прокурорлар өз өндірісіне алды.

Енді ең маңыздысы – опат болғандардың кімдер екенін айту керек. Олардың ішінде балалар да бар. Ресми мәлімет бойынша Алматыда екі бала опат болған. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медицина және дәрі-дәрмекті қадағалау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің мәліметінше, жеті балаға оқ тиген. Алматыда – төрт бала, Алматы облысында екі бала, Жамбыл облысында бір бала зардап шеккен.

Министрлік мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде денсаулық сақтау саласының 20 нысанына шабуыл жасалған, 14-і – дәріхана. Жеті медицина қызметкері зардап шекті, 46 жедел жәрдем көлігі бүлінген...

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу