Ұлыбританияда тұратын қалталы қазақстандықтар байлықтарының заңды жолмен келгенін дәлелдей алмаса, «алтын визаларынан» айырылады. Британия үкіметі жалпы 6 мыңнан астам визаны қайта қарамақ. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бізбен байланыста.
Марина Бекенова, тілші:
«Алтын виза» деп аталып кеткен Инвестор визасын алу үшін шетелдік азамат жергілікті экономикаға көп көлемде инвестиция құюы керек. Ол қаражат қандай жолмен келгендігі бұған дейін мұқият тексерілмеген болып шықты. Үкіметтегілер 6 мыңнан астам визаны қайта қарамақ. Британиялық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұйымының мәліметінше, «алтын виза» иегерлерінің 300-ге жуығы қазақстандық. Ал басым көпшілігі қытайлықтар мен ресейліктер. Ресей-Украин қарым-қатынасы шиеленіскен тұста “алтын визаларға” қатысты мәселе қайта туындап, Инвестор визасын беру тоқтатылсын деген шешім қабылданды.
Прити Патель, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:
Бүгін мен заңсыз қаржы айналымына жол ашатын Инвестор визасына тосқауыл қойдым. Клептократтар мен жемқор элиталар, біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді және оларға Ұлыбританияда есік жабық.
Инвестор визасы 14 жылдан бері беріліп келеді. Ережеге сәйкес Ұлыбритания экономикасына 1 миллиард теңгеден астам ақша құйған байлар отбасы мүшелерімен бірге елде еркін жүріп тұра алады. Визаның талаптары бұған дейін бірнеше мәрте өзгертілген болатын. Себебі, бұл құжат заңсыз жолмен байыған жемқорлардың уысында кетіп жүр деп санайды британдық сарапшылар.
Марина Бекенова