Криптавалюта өндірісіне талап күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Криптавалюта өндірісіне талап күшейеді

18.02.2022

Ел аумағында 14 майнингтік компанияның жұмысы тоқтап, құрылғылары тоқтан ағытылды. Олар электр қуатын дұрыс пайдаланбаған. Техникалық құжаттарында да қателік бар. Бұл туралы энергетика министрлігінің өкілдері хабарлады. Жалпы, криптавалюта өндірісіне бақылау күшейіп, заңдастыру жөнінде талап қойылды, салық салынды. Бұған майнерлер не дейді? Раушан Сайлауқызының зерттеу материалы.

 Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Қолмен ұстай алмайтын цифрлық ақшаны табу үшін адам аса қиналмайды. Компьютер өзі өндіреді. Ол үшін мынадай құрылғыларға арнайы бағдарлама орнатылады. Олар сайттағы өте қиын есептерді шешеді. Бір сөзбен математикалық шайқас. Яғни, құрылғы берілген алгоритмнің жауабын іздейді. Әр есеп шешілген сайын электронды әмиянға бонус түсіп отырады. Криптавалюта деп отырғанымыз осы.

Криптавалютаның мыңнан астам түрі бар. Ең танымалы, әрі қымбаты – биткойн. Оны өндіру тәсілін майнинг дейді. Майнингтің майын тамызып, маманы атанғандардың бірі - Қуаныш Нұрсила. Шағын компанияның мүшесі майнинг өндірумен 4 жылдан бері айналысады.

 Қуаныш Нұрсила, майнинг компаниясының коммерциялық директоры:
Бұл кәдімгі ойын компьютері. Майнинг программалар жасап майнинг жасаймыз. Яғни бұл құрылғы кәдімгі компьютер сияқты техникалық жағдайын дұрыстап қараса 8-10 жыл істеп тұратын зат.

Криптавалюта – көпке таңсық сала, атауы жат, түсіну қиын. Бірақ пайдасы шаш етектен. 13 жылдық тарихы бар. Қазақстанда соңғы 5 жылда күрт дамыды. 50 шақты алып ферма бар. Құрылғыны сатып алып, үйде ақша тауып отырғандар да аз емес. Бұған дейін осылай еркін жұмыс істегендерге енді бақылау күшейді. Биылдан бастап майнингтік компаниялар қызметін заңдастыруға міндетті.

Әсет Ыбраев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сарапшысы: 
167 ұйым ресми түрде министрлікті хабардар етті. Оның 78-сі ағымдағы уақытта жұмыс жүргізіп жатса, 89-ы енді жоспарлап отырғанын айтты.

Тіркелумен ғана тірлік бітпейді. Бұдан әрі салық төлеу міндеті тұр.

Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары: 
2022 жылдан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілген болатын. Оның ставкасы 1 КВТ – 1 теңге. Бірақта осы ставканы көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Криптавалюта өндірушілердің заңды түрде жұмыс істеуіне мемлекет қарсы емес. Әйтсе де жасырын жұмыс істеп, электр энергиясын шектен тыс тұтынып жатқандар көп. Жыл сайын 2 пайызға өсетін энергия тұтыну көлемі былтыр 6,1 пайызға өскен. Энергияның 500-дей мегаватын заңсыз майнерлер тұтынған.

Әйтсе де тың салаға қатты қысым жасалмау керек, - дейді майнерлер. Өйткені криптавалюта өндіру - жер астынан кен іздеу емес. Жеңіл кәсіп. Пайдалы табыс көзі. Ақша табу үшін тоқ пен құрылғы және арнайы компьютерлік бағдарлама болса жеткілікті.

Қуаныш Нұрсила, майнинг компаниясының коммерциялық директоры:
Майнинг келді. Криптавалюта жасап жатырмыз деп салықты көбейтіп, тоқтың бәрін кесіп тастап емес, біз керісінше майнинг саласын дамытуымыз керек. Салықты сарапшылар дұрыстап зерттеп, электр энергияның қуатын өсіру керек.

Қазақстан майнинг өндіруден әлемде екінші орынға бірақ шықты. Бірақ бұл мақтануға тұрарлық па деген сауал туатыны заңдылық. Энергетика министрлігі электр тапшылығы туа ма деп елеңдеп отыр. Сондықтан криптавалюта өндірісі көлеңкелі кәсіпке айналмауы тиіс. Жақын арада мүдделі мемлекеттік органдар қос тарапқа да тиімді шешім қабылдаймыз деп отыр.

 Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу