Отандық кәсіпкерлер ел экономикасын қалпына келтіретін жобалар әзірлеуі тиіс. Халықтың әл-ауқатын арттыруға да үлес қосуы қажет. Ал Үкімет бұл бағытта бизнеспен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезі өтіп, төралқа төрағасы мен мүшелері сайланды.
Шұғыл жиын шумен басталды. «Атамекен» – елдегі кәсіпкерлерді біріктіріп отырған ұйым. Бірақ, оның айналасында қордаланған мәселе көп. Сондықтан жаңа төралқа мен мүшелерін таңдауда талас көбейді. Жиналғандар президиум мүшелеріне қарсы шықты. Тіпті сайлауды қайта өткізуді талап етті.
Палата мүшелері заң нормаларын да өзгерту қажет деп отыр. 1 сағатқа созылған талқылаудан кейін тараптар ортақ шешімге тоқтады. Бұдан былай төралқа төрағасы – Райымбек Баталов.
Дегенмен төраға көп ұзамай қайтадан сайлануы мүмкін. Жиналғандар ұлттық палатаны реформалаудан кейін бұл мәселені қайта қарауға уағдаласты. Ал палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнесмендерді ауылды дамытуға шақырды. Бұл істі өзінен бастауды жөн санағанға ұқсайды. Кәсіпкерлер палатасының төрағалығынан бас тартып, елге кететінін мәлімдеді.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының экс басқарма төрағасы:
Бүгін мен басқарма төрағасы ретінде жаңадан сайланған алқаның алдында өзімнің құзыретімді тапсыратынымды айтқым келіп отыр. Араларыңызда қаламын. Қоғамдық жұмыспен елге барамын. Қазақ балаларын жұмысқа тартамын.
Отырысқа кейіннен Премьер-Минстр қосылды. Кәсіпкерлік – ел дамуының негізгі күші. Бірақ, салада былық көп. Бизнестің өркен жаюына реттеу жүйесінің тым көптігі мен шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі. Мұны билік біліп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Үкімет бизнестің проблемаларын біледі және оларды шешу мәселесін ерекше назарында ұстайды. Отандық кәсіпкерлер кеңесімен бірге инвестициялық ахуалды және бизнес ортаны әрі қарай жақсартуға бағытталған шаралар іске асырылады. Бізге елдің экономикасын қалпына келтірудің драйвері болатын жобалар қажет. Қазақстандық бизнесті отандық экономикаға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Қазір халықтың табысын арттыру бағдарламасына ерекше екпін берілген. Оның аясында ауқымды жұмыспен қамту, индустриялдық және ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру, өндірістерді технологиялық жаңғырту сынды шаралар қолға алынады. Ел экономикасын дамыту драйверіне айналатын жобалар қажет. Кәсіпкерлер оның жобасын әзірлеуі керек.
Асима Нұрбайқызы