Түркияда ұлт ұстазы ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда ұлт ұстазы ұлықталды

17.02.2022

Ахмет Байтұрсынұлы - түркі әлеміне ортақ ағартушы ғалым. Сондықтан оны тек Қазақстанда емес, күллі түркі дүниесінде ұлықтауымыз қажет. Бұл ойлар Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына орай Анкарада өткен халықаралық жиында айтылды. ТҮРКСОЙ ұйымы, Түркиядағы түрік тілі қоғамы және Қазақстан елшілігінің ұйытқысымен өткен шараға қатысушылар Ахаңның арманы Алаш баласының сауатын ашып, Қазақ елін өркениетті мемлекеттер қатарына қосу болғанын айтты. Осы ұлы мақсатты жалғастыру қазіргі ұрпаққа міндет екенін де тілге тиек етті. Шарада «Ұлт ұстазы» кітабы таныстырылып, Ахаң жайлы фильм көрсетілді. Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуге қатысты шаралар Анадолыдан бөлек ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттерде де жыл бойына ұйымдастырылмақ.

Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры: 

Кез- келген ұлтты халықаралық аренаға шығару үшін сол ұлтты қозғайтын тұлғалар болады. Бұл туралы тарихта Лев Гумелевтың пассионарлық теориясы бар. Әрине, оны сынаушылар да бар. Дегенмен, Байтұрсынұлының тұлғасына қатысты пассионарлық тұлға деген терминді қолданатын едім. Себебі, пассионарлық тұлғалар- өзінің ұлтын биік мақсаттарға жанкештілікпен, ерекше адалдықпен сүйрейді.

Гүргер Гүлсевен, түрік тілі ұйымының басшысы:

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар легін ТҮРКСОЙ ұйымымен бірге бастап отырмыз. Алда жоспар көп. Ахмет Байтұрсынұлы өз отанынан тыс Анадолыда көп зерттелген. Тіпті, түрік тілінде Алаш ардақтысы жайлы диссертациялар мен жарық көрген кітаптар да жетерлік.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу