Ұлыбританияда инфляция деңгейі шарықтап, халықтың табысы төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда инфляция деңгейі шарықтап, халықтың табысы төмендеді

16.02.2022

Ұлыбританияда жалақы көлемі өскенімен, азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасы да жарыса қымбаттап барады. Бұл туралы Ұлттық статистика басқармасы мәлімдеді. Инфляция кесірінен британиялықтардың табысы төмендеп кетті. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова соңғы ақпараттармен бөлісуге дайын. 

Марина Бекенова, тілші:
Ия, ресми мәліметтерге сәйкес, жалақы орта есеппен 3,7 пайызға артқанымен, азық-түлік, газ, жарық және күнделікті тұтыну тауарларының бағасы 5,4 пайызға қымбаттап отыр. Англия банкі инфляция деңгейі алдағы уақытта 7 пайыздан асатындығын айтады. Осыны ескерген компания басшылары жұмыс күшінің жетіспеушілігіне тап болмау үшін қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, тіпті қосымша бонус төлеуге мәжбүр. Қаржыгерлер бұл тенденцияға қарсылық білдірді.
Эндрю Бейли, Англия банкінің басқарушысы:
Жұмыс күші тапшы болуы әбден мүмкін, бірақ инфляцияны тежеу мақсатында жалақыны өсіруге келгенде асықпаған жөн. Экономикалық теорияға сәйкес табыс көлемі артқан сайын тауарлар құны мен қызмет ақысы да қымбаттай түседі.

Премьер-министр Борис Джонсон және кәсіподақ ұйымдары Англия банкі басшылығының бұл пікірін қатаң сынға алды. Бірақ елдің қаржылық дағдарысқа тап болғаны рас. Ұлыбританиядағы инфляция деңгейі әлемнің көптеген елдеріндегідей шарықтап барады.Мәселен, қаңтар айында 30 жылдық максимумға жетіп, 5,5 пайызға дейін артты. Сарапшылар болжағандай,ел билігі қымбатшылыққа тосқауыл қоя алмай отыр. 


Хабарламаларға жазылу