Алматыда метро ісіне қатысты тергеу әлі жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда метро ісіне қатысты тергеу әлі жүріп жатыр

16.02.2022

Алматы метросы төңірегіндегі дау әлі бітер емес. «Алматыметроқұрылыс» басшысы Қайрат Реимовтің сөзінше, компанияға қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары негізсіз. Айта кетейік, бұған дейін жер асты жолы құрылысымен айналысатын мекеменің бірнеше қызметкері 2 млрд теңге ұрлады деген күдікпен ұсталған. Мердігерлер құны 62 млрд теңге болатын «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» бекеттерін салған.

 Қайрат Реимов , «Алматыметроқұрылыс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

Біздің компанияға, қызметкерлерге қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарымен келіспеймін. Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті іс қозғады. Олар рапортты Алматы қалалық ревизиялық комиссиясының акттеріне сүйеніп отырып жасаған. Мен заңсыздықтарды дәлелдеуге тырысамын.

Тексеріс жүргізген Алматы қалалық ревизиялық комиссиясы былтыр компания қызметкерлеріне қатысты жемқорлық дерегін тіркеген. Ал есеп комитеті комиссия қорытындысын мемлекеттік аудит стандартына сәйкес келмейді деп, өрескел қателіктер жіберілгенін алға тартты. Қазір даулы істі көлік прокуратурасы тергеп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу