Ордабасы ауданының тұрғындары жеке меншікке берілген жайылым жерлерді қайтаруды талап етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ордабасы ауданының тұрғындары жеке меншікке берілген жайылым жерлерді қайтаруды талап етеді

15.02.2022

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының тұрғындары жеке меншікке берілген жайылым жерлерді қайтаруды талап етеді. Ақсары ауылына тиесілі жайылым жердің барлығы сегіз жыл бұрын түгелдей екі кәсіпкерге беріліп кеткен. Салдарынан қит етсе айыппұл төлетіп, полиция шақыртады дейді ашынған халық. Жайылым қайтарылмаса тігерге тұяқ қалмайды деп, жыларман халге түскен тұрғындармен өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева кездесті.

Ауыл тұрғындарында 1200-жуық төрт түлігі бар. Шалғай жерде малмен жан бағып отырған жергілікті жайылымның жоқтығынан төрт түлігін түзге шығармай, шөп жеткізе алмай қиналып отыр.
Айнұр Ақбаева, тілші: 
Бұл уақытта өрісте жүруі тиіс төрт түлік қорада қамаулы. Малдың иесі жайылымға шығарамын деп бір айда екі рет айыппұл төлегенін айтады. Содан бері түйесі де, сиыры да, қойы да қолға қарап тұр.
Ауыл тұрғындарының бірі Алмасхан Нарбек мемлекеттен несие алып, қой мен түйе, сиыр алған.Алайда жыл сайын жем шөптен қиналып, мал шетінен өліп жатыр дейді. Қазір бары жоғы 200 қойы қалыпты. Бес баланың әкесі жағдай осылай жалғаса берсе алған несиемді де қайтара алмай, қыруар қарызға батам деп қорқады.

Ашынған ауыл тұрғындары бүгін жиналып, бес жүз гектарға жуық жайылым жерді қайтаруды талап етті. Өйткені бұл жерлер кезінде конкурс арқылы екі серіктестікке жалға беріліп кеткен. Ал, қазір кәсіпкер қит етсе айыппұл салып, қалтасын қағып отыр.
Гүлмәрия Нарбекова, Ақсары ауылының тұрғыны: 
Ауылымыздың үш жағының бәрі егістік. Жалғыз ғана жайылым осы. Ауылдың жанынан 150 метр жерден қора соғып алған. Малды шығармайды. Ауылға кіретін жалғыз көпір жалғыз жол. Жаяу жүргінші өтсе де бәле соғады, мал айдаған өтсе де бәле соғады. Әбден көрмеген қорлығымыз қалмады.

Ауыл тұрғындары сегіз жылдан бері бармаған жеріміз жоқ дейді. Бірақ нәтиже жоқ. Жайылымға иелік еткен кәсіпкер болса өз уәжін алға тартады. Айтуынша , тұрғындар жеріне малын жайып, айыппұл салуға мәжбүрлеген.
Байжан Махамбетов, кәсіпкер: 
Менің шөбімді де орып кетіп жатыр олар, малым да жоғалып жатыр.Оның да фактісі бар. Қой деп отырмын.
Аудан әкімінің орынбасары болса ауылда бір гектар да мал жаятын жердің жоқ екенін мойындайды. Қазір бұл жерлерді халыққа қайтару процесі жүріп жатқанын жеткізді.
Қыдырбай Сейітқұл Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары: 
Енді бүгінгі таңда ескерту берілді. Келіссөздер жүргіземіз. Келіссөздерге қанағаттанбаған жағдайда ол кісілердің талаптарын орындау мүмкіндігін көреміз. Ол болмаған жағдайда кодекске қарап жұмыс жасалынады.
Яғни Президенттің пәрменінен кейін жайылым жерлерді қайта түгендейміз деп сендірді. Өткен жылдан бері Ордабасы ауданы бойынша 14 мың гектардан аса жайылымдық жер кері қайтарылған.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу