Ресей Украина маңына шоғырландырған 130 мыңдай әскерінің бір бөлігін тұрақты орындарына қайтара бастады. Мұны бүгін осы елдің қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Игорь Конашенко мәлімдеді.
Бұл шешім екі мемлекет арасындағы шиеленістің жеңілдейтініне үміттендіріп отыр. Дегенмен, Ресей Беларусьте және Украина маңында кең ауқымды жаттығуларды тоқтатқан жоқ. Кремль Донбасс маңынан қанша жауынгерін әкететіні әзірге белгісіз.
АҚШ пен НАТО-ның болжамынша Ресей армиясы Украинаға алдағы күндлері басып кіруі мүмкін. Мәскеу болса, мұндай жоспары жоқ екенін мәлімдеп келеді.
Украина президенті де барлық мәселені келіссөз бен дипломатия арқылы шешуді қалайтынын жеткізді. Және де Владимир Зеленский ақпанның 16-сын украиналықтардың бірлігі күні деп жариялады. Айта кетсек, бұған дейін Құрама Штаттар дәл осы күні Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деп хабарлаған еді.
Зеленскиймен кездескен Германия канцлері Олаф Шольц болса, бүгін Мәскеуде Кремль басшысы Владимир Путинмен де жүздесті. Бұл сапарды кейбір бақылаушылар соғыстың алдын алуға бағытталған жоғары деңгейдегі миссия деп атап отыр.
Арыстан Рысбек