Ақтүтек боранның салдарынан еліміздегі алты өңірде тас жолдар жабық. Ескертуге қарамастан жолға шыққандар да аз емес. Кешеден бері қар құрсауында қалған 259 адам құтқарылды. Оның 30-ы бала. Кей өңірлердегі боранның тынышталуына байланысты күре жолдарда шектеулер алынды. Тілшіміз Ламбриан Топузидис толығырақ.
Күн райының өзгеруіне байланысты Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарында республикалық жолдардың 19 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 23 бөлігі жабылды.
Шығыс Қазақстан облысында дүлей боранның күшінен жедел жәрдем қызметінің көлігі жол шетінде аударылып қалған. Көлік жүргізушісі дін аман. Құтқарушылар кешелі бері дамылсыз. Арнайы жедел штаб та құрылған. Қар құрсауында қалған 250-ден астам адам жылы жерге жеткізілді. Бүгін жолға шықпақ болған 700-ге жуық көлік блокбекеттерде тұр. Көлігі батып, көмек сұраған 21 азаматтың техникасы қардан шығарылды.
Елорда мен Қарағанды арасындағы күре жолдан көлік үзілмейді. Жақын маңда орналасқан ауыл тұрғындары не елордаға, не Қарағандыға қарай қатынайды. Осы түнде ғана орта жолда қалып қойған жүздеген адам құтқарылған.
Ламбриан Топузидис, тілші:
Табиғаттың тосын мінезін елемей, жолға шығып кеткен азаматтар аз болған жоқ. Тек осы түнде 50 шақты автокөлік қардың құрсауында қалған. Қазір жол таза. Бірақ та ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол қайта жабылуы мүмкін.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласы, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарында боранның бәсеңдеуіне байланысты шектеулер алынып тасталды. Алайда, мамандар тұрғындарды сабырлықты сақтап, алыс жолға шықпауға шақырады. Ақтүтек бораннан төнген қауіп әлі сейілген жоқ. Ал ауа райын болжаушылар, ақ бұрқақтың соңы сақылдаған сары аязға ұласып, солтүстік, шығыс аймақтарда ауа температурасы -30-градусқа дейін төмендейді деп отыр.
Ламбриан Топузидис