«Ақиқат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі, құқық қорғаушы Айман Омарова Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынған азаматтардың қылмыстық ісіне қолжетімділікті қамтамасыз етуді сұрап отыр. Адвокат бұл іске Президенттің араласуын өтініп, қажет болса ақпараттарды жарияламас үшін қолхат жазып беруге әзір екендігін жеткізді. Айман Омарованың мәліметінше, жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты 1 962 қылмыстық іс қозғалған. Түрлі қылмыстарды жасады деген күдікпен 308 адам ұсталды. 190 адамға қатысты қамау-бұлтартпау шарасы тағайындалған. Ал екі күдікті үйқамаққа алынып, 58-і кепілмен, 8-і жеке кепілдікпен босатылды. Тағы екі адамның ісі дәлелді негіздер бойынша тоқтатылған. «Нақты тұжырым шығару үшін материалдар қажет. Әзірге қажетті құжаттар бізге қолжетімді емес»,- дейді адвокат. Сонымен қатар оның сөзінше Алматыдағы бүлікке Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, қытай, Сауд Арабиясының азаматтары да қатысқан.