Шорт-тректен Ұлттық құраманың бас бапкері Олимпиада ойындарын қорытындылап, шәкірттерінің нәтижесін жоғары бағалады. Мәдіғали Қарсыбеков медальға бір табан жетпей қалғандарына өкініш білдірді. Бейжің Олимпиадасында ел тарихында алғаш рет қос спортшымыз жекелей сынның финалына шықты.
Әділ Ғалиахметов 1500 метрлік бәсекенің финалына дейін жетті. Алайда соңғы медальға талас кезінде 8-ші сатығы тұрақтады. Одан кейін Абзал Әжіғалиев 500 метрлік бәсекеде 4-орын алды. Осылайша жүлделі орынға сәл ғана жетпей қалды.
Бұған қоса, жерлестеріміз аралас эстафетада үздік бестіктен табылды. Ал ертең мың жарым метр қашықтықта шорт-трек құрамасынан соңғы спортшы Ольга Тихонова өнер көрсетеді. Жалпы, Бейжің Олимпиадасы осы жексенбіде аяқталады. 109 медаль жиынтығының 72-сі өз иелерін тапты. Әзірге Қазақстан қоржынында бірде-бір медаль жоқ.