Энергетика министрі АЭС туралы: Бұл бастама жан-жақты зерттелуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика министрі АЭС туралы: Бұл бастама жан-жақты зерттелуі тиіс

14.02.2022

Елде электр энергиясына сұраныс артқан сайын атом электр станциясын салу идеясы қызу талқыланып жатыр. Алайда бұл бастама жан-жақты зерттелуі тиіс. Бұл жайында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. Ведомство басшысы АЭС салу болашағы бар жоба әрі елдің атом энергетикасын дамытуға әлеуеті жеткілікті дейді. Сәбит Әлдебай толықтырады.
Сәбит Әлдебай, тілші: 
Елімізде жаңартылатын энергия көздерінен алатын қуат көлемі артып келеді. Алайда тарифі қолданыстағы дәстүрлі станциялардан қымбат. Баламалы энергия күн райына тәуелді. Яғни, үзіліссіз қуат бере алмайды. Әрі, жел мен күннен алатын қуатты сақтау үшін генерациялау қиындық тудырады. Ведомство басшысы болашақта күн сайын өсіп жатқан электр энергиясына деген сұранысты жабу үшін газ пен қатты отын жетіспеуі мүмкін деді.
Болат Ақшолақов,  ҚР Энергетика министрі:
Қазіргі оңтүстіктегі станциялардың барлығы газбен жұмыс істейді. Сондықтан ертең газ жетпеуі мүмкін. АЭС мәселесі зерттеу жұмыстарымен басталады. Ол өте маңызды.
Сәбит Әлдебай, тілші: 
Бүгінде еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр. Сондай-ақ, ядролық отын компоненттері де өзімізде өндіріледі. Әрі уранды изотопты байыту бойынша қызметтер қолжетімді. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институтында 3 ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Кадрлық саясат мәселесі де шешілген деді министр.
Сәбит Әлдебай, тілші: 
 Бүгінде Еуропалық Одақ атом энергетикасын «жасыл» технологиямен теңестіру мәселесін қарап жатыр. Сондықтан Қазақстанның алдында атом электр станциясын салудың барлық алғышарттары бар - деді минстр. Айта кетейік, қазір елде электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 14 пайызы су электр станцияларынан, 10 пайызы газдан және 5 пайызы мұнайдан алынып отыр.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу