Тараз жұртшылығы тәртіпсіздік кезінде қаза болған полицейді еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз жұртшылығы тәртіпсіздік кезінде қаза болған полицейді еске алды

14.02.2022

Тараз жұртшылығы қаңтардағы қырғында қаза тапқан құқық қорғаушыларды еске алды. Бүлік кезінде қос бірдей тәртіп сақшысы мерт болды. Бейбіт күнде оққа ұшқан оғландардың рухына жақындары мен әріптестері құран бағыштады.

Рахат Сламбеков 6 қаңтар күні бүлікшілер ойран салған тұста, екі әріптесімен бірге алдыңғы шепте болған. Алайда жендеттердің тұтқиылдан жаудырған оғы, полиция инспекторының өмірін қиып кетті. Құқық қорғау саласында небәрі бес жыл қызмет еткен капитан шеніндегі тәртіп сақшысының алар асуы алда еді.

Мақсұт Әбілқайыр, Р. Сламбектің ағасы:
Менің учаскем, менің баруым керек. Мен ол балаларға барып түсіндіруім керек. Мұндай болмайды тек қана қарусыз жүру керек деп, әңгімесін айтып, енді тоқтатайын деген кезде, аналар оқ жаудырды ғой. Генерал болатын жігіт еді енді.

Марқұмның артында жары мен 5 баласы қалды. Тұңғышы 12 жаста. Кенжесі енді ғана 3-ке толды. Ал, Рахаттың әріптестері оның адамгершілігі мен қызметке адалдығы көпге үлгі боларлықтай еді дейді.

Сәбит Абжанов, әріптесі: 
Өте сыйлы, абыройлы, жұмысына өте тиянақты және өзінің айтқан сөзінде тұратын жігіт болған. Жұмыста да көптеген жетістіктерге жеткен. Қайғылы жағдайды естігенде өзіміз өте ауыр күйде болдық. Әрине, оңай емес. Артында 5 бала-шағасы қалды.

Естеріңізге сала кетсек, жалпы Жамбылдағы шеруден 15 адам қаза тапты. Оның екеуі құқық қорғау саласының қызметкері. Соның бірі осы Рахат Сламбеков болса, екіншісі ҰҚК облыстық депертаментінің подполковнигі Дастан Әділбайұлы.Дастанның да артында жары мен 4 баласы қалды. Ерлікпен қаза тапқан қос батыр да қызметтегі жанқиярлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.



Хабарламаларға жазылу