Талғар ауданындағы барлық ауылдық дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар ауданындағы барлық ауылдық дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті

14.02.2022

Алматы облысы Талғар ауданындағы барлық ауылдық дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Жуырда 3 жарым мыңнан астам тұрғыны бар Еңбекші ауылының қайта жаңарған медициналық пункті тұрғындардың игілігіне берілді. Бұған дейін тек фельдшерлік-акушерлік қызмет көрсеткен ғимараттың жағдайы тым нашар еді. Қазір адам танымастай өзгеріп, ауылдық амбулатория ретінде жұмысын бастады. Мекеменің ішкі бөлігі жөнделіп, инженерлік желілері, есік-терезелері, электр жүйесі, жиһаздары ауыстырылып, заманауи медициналық құрылғылармен және өзге де қажетті жабдықтармен қамтылды. Сондай-ақ, қосымша бөлмелер мен 14 жаңа жұмыс орны ашылған. Осының барлығына басқарушы есебінен 63 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Әлима Көпбаев, басқарушы компанияның медициналық директоры:

Осы жасалған жұмыстардан кейін біздің медициналық қызметкерлер барын салып жұмыс істейді деп ойлаймын. Халық риза болып жатыр.

Жалпы, өткен жылы аудандағы 29 медициналық пункттің ішкі бөлігін толық жөндеу ісі қолға алынған. Қазір олардың 23-і пайдалануға берілді. Барлығына 2 жарым миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ал биыл жыл соңына дейін амбулаториялардың сыртқы бөлігін қалыпқа келтіріп, аулаларды көгалдандыру және шатыр ауыстыру сынды жұмыстарды аяқтаймыз, дейді мамандар.


Хабарламаларға жазылу