Соңғы 15 жылда Германиядан Қазақстанға тікелей тартылған инвестиция 5,3 млрд. долларға жетті. Оның шамамен 80 пайызы ауыл шаруашылығы, жаңартылған энергия көздері, денсаулық сақтау, көлік логистика салаларына құйылған. Бүгін елордаға Германияның Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенберг бастаған делегация келді. Қазақ-герман қарым-қатынасының 30 жылдығы қарсаңында бүгінге дейінгі жетістіктер сараланды. Тараптар алдағы уақытта да ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Дипломаттардың сөзінше, сауда саласында да оң динамика бар. Өткен жылдың 8 айында екі елдің тауар айналымының көлемі 3,4 млрд. еуроны құрады.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Бүгін кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектілері туралы мазмұнды әңгіме болды. Күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша да пікір алмастық. Германия біз үшін Еуро Одақтағы негізгі стратегиялық серіктес. Әрі Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан ел. 30 жылдың ішінде екіжақты ынтымақтастық ілгері дамыды. Мемлекет басшысының Германияға жасаған соңғы екі сапары өзара іс-қимылды жандандыруға жақсы серпін берді.