«Аманат» комиссиясы 85 адамды тергеу изоляторынан босатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аманат» комиссиясы 85 адамды тергеу изоляторынан босатты

11.02.2022

«Қаралы қаңтар» кезінде ұсталған 85 адам тергеу изоляторынан шықты. Оларды босатып алған – «Аманат» комиссиясы. Алдағы уақытта жазықсыз отырған тағы бірқатар азамат шығарылуы мүмкін. Өйткені комиссия жұмысын тоқтатпайды. Тек қолданыстағы заңнамаларды өзгерту керек деп отыр олар.

«Аманаттың» әуелгі мақсаты жазықсыз қамалғандарға араша түс. Жарты айда 85 адамды босатып алды. Араларында кәмелеттік жасқа толмаған 12 жасөспірім және екі әйел бар. Алайда олар енді бостандықта, мүлдем тергелмейді дегенді білдірмейді.

Абзал Құспанов, «Аманат» комсиссиясының төрағасы:
Тергеу мерзімі екі айды құрайды. Қысқартыңыз деп талап қоя алмаймыз. Негізгі бөлігі 85 адамның бас шарасы өзгертілді. Яғни, қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхат осыған өзгертілді.

Демек, екі айға дейін олар күдікті ретінде есепте тұрады. Алдағы күндері тағы 30-ға жуық адам босатылуы мүмкін.

Мәди Мырзағараев, «Аманат» комиссиясының мүшесі:
Бостандыққа шыққандардың бәрі кінәсіз, ал қалғандарының бәрі кәнілі деген сөз емес. Ол қалған отырғандардың ішінде де кінәсіздер болуы мүмкін. Ол жұмыс жалғасады. Ал қалған шыққандарының арасында да кінәлілер болуы мүмкін. Сытылып шығып кеткендерде болуы ғажап емес. Бірақ біздің ат салысуымызбен босап шыққандардың тағдыры біздің комиссияның бақылауында.

Комиссия бұл жұмыстары үшін ешкімнен ақша алмайды. Оның үстіне қамауда отырғандардың көбінде адвокат жалдамақ түгілі артынан іздеп келетін адамы жоқ. Көбі коменданттық сағат кезінде қамалған.

Уайс Ерсайынұлы, «Аманат» комиссиясының мүшесі:
Комендаттық сағат уақытын бұзған, телефоннан видеоны тапса ол адамды бірден алып кеткен. Сондай оқиғалар көп. Біз тілдескен адамдар көбі кейін ұсталды. 

Комиссия енді қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізуге күш салмақ. Ол үшін келер аптада Парламент депутаттарымен кездеспек. «Аманаттың» жұмысы мұнымен де бітпейді. Негізгі атқаратын іс алда. Өйткені, қамауда әлі 800-ден астам адам отыр. Жазықсыз сотталып кетуі мүмкін жандар әлі де болуы мүмкін деп отыр.


Хабарламаларға жазылу