Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде шағын және орта бизнеске келген шығын 42 миллиард теңгеден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде шағын және орта бизнеске келген шығын 42 миллиард теңгеден асты

11.02.2022

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде шағын және орта бизнеске келген шығын 42 миллиард теңгеден асты. Кәсіпкерлерден 2 мыңға жуық өтінім түскен. Қазір мүліктік зиянды анықтау жөніндегі Өңірлік комиссия 645 млн теңгенің шығынын өтеу туралы шешім шығарған. Залал келген кәсіпкерлерге өтемақы төлеу жалғасуда.

Аркенжан Әбдікәрімұлы балалар киімін сатумен айналысады. Жаппай тәртіпсіздік басталған күні дүкенін бұзақылар қиратып, тауардың бірін қалдырмай тонап кеткен. Соның кесірінен 3 млн теңгеден аса шығынға батқан.

 Аркенжан Мырзабаев, кәсіпкер: 
6 қаңтар күні сауда орталығының әкімшілігі дүкеніміз қирап жатқаны туралы хабарлады. Дереу осында келдік. Өз көзімізге өзіміз сенбедік. Шаш етектен шығынға батқанымызды ойлап, қоярға жер таппадық.

Аркенжанның дүкені орналасқан мына сауда үйінде 100-ден аса дүңгіршекке зақым келген. Бірі тоналса, екіншісін қиратып, артынан от қойып кеткен.

Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Гүлжан Кардиеваның дәріханасына бір топ адам басып кірген. Айтуынша, бұзақылар ақша таппаған соң, қолға түскенді алып кеткен.

Гүлжан Кардиева, дәріханалар желісінің меңгерушісі: 
Қолдарында балтасы бар, сөйтіп мына есікті шауып кірген, мына жерден секіріп түскен. Біздің екі ноутбукты алған. Сосын дәрілер алынған.

Бұзақылар қаладағы тұрмыстық техника сататын ірі дүкендерді де тонаған. Мәселен, мына сауда орталығының астаң-кестеңін шығарып қана қоймай, бағасы 1 млн-нан кем тұрмайтын мыңдаған ұялы телефонды ұрлаған. Қала бойынша дәл осындай 12 сауда орталығы зардап шекті.

Лика Гальвас, мейрамханалар желісінің менеджері: 
Үлкен көлемдегі шығынға баттық. Сол кездерді еске алудың өзі ауыр. Тез арада жұмысты бастай алмай, қызметкерлеріміз табыссыз қала ма деп алаңдадық.

Алматыдағы бүлік кезінде 40-тан аса тамақтану орны зардап шекті. Келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асады. Бизнес нысандармен қатар қалада әкімшілік ғимараттар, банктер мен банкоматтар қиратылып, тоналды. Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 112 миллиард теңгеден асып жығылады. Оның ішінде шағын және орта бизнеске келген залал – 42 миллиард теңге. Онсыз да тығырыққа тірелген кәсіпкерлер бүлікшілер салған ойранның орнын әлі толтыра алмай әлек.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу