Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуден кейін Қазан қаласына барды. Бауырлас Татарстанның президентімен жүздесіп, екі жақты қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады. Қазақ пен татар арасындағы саяси-экономикалық және рухани байланыстардың тарихы тереңде жатыр. Президенттің өлкеге арнайы ат басын бұруы да бұл қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөліп отырғанын аңғартады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қазан қазаққа бөтен емес. Түркі дүниесі үшін қасиетті шаһарда талай қазақ зиялысы білім алған. Алтын қазынаға айналған жүздеген жаухар туындылар оның ішінде Абайдың бірінші кітабы да дәл осы қалада алғаш басып шығарылған. Жиырма бірінші ғасырда да бауырлас Қазақстан мен Татарстанның байланысы бекем. Былтыр екі жақты алыс-беріс 200 миллиард теңгенің шамасында болды.
Бұған әрине ел басшыларының жылы қарым-қатынасы сеп екені жасырын емес. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов үш аптаның ішінде екінші мәрте бетпе-бет жүздесіп отыр.
Ел басшылары әуелі ел астанасының тарихи жерлерін аралады. Қазан кремлі бұл шаһардың жүрегі, оның ең көне бөлігі. Мың жылдан астам тарихы бар қала дәл осы жерден бастау алған. Аумағы ат шаптырым кешенде юнесконың қорғауындағы бірнеше тарихи нысан бар.
Көк мұнаралы әйгілі Құл-Шәриф мешіті татар жұрты үшін ерекше орынға ие. Ол тұрған жерде 16-ғасырдың ортасына дейін мешіт болып, кейін жаугершілік уақытында қираған. Жаңа мінәжат орнының ғимараты көптің қолдауымен 2005-жылы Қазан хандығы дәуірінің құрметіне бой көтерді. Биыл татар жұрты мұсылмандықты қабылдағанына 1100 жыл болуын атап өтпек. Оған Қазақстан да өз үлесін қоспақ.
Президенттердің кездесулері жиі болғанымен талқылайтын мәселелер аз емес. Қазір екі елдің бірлескен жобалары көбейіп келеді. Мәселен Қарағанды облысында көлік дөңгелектерін шығаратын ірі зауыт құрылысы жүріп жатыр. Ал, әйгілі Камаз компаниясы Қазақстанда қосалқы бөлшектерін шығаратын бірнеше зауытты ашпақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Татарстан арасында бауырластық әрі сенімді қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұнда Қазақстан Президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз.
Рустам Минниханов, Татарстан Президенті:
Біз үшін бұл – үлкен мәртебе. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады.
Қазақстанда 200 мыңнан астам татар диаспорасы тұрады. Ағайын халықтар тату-тәтті тіршілік етіп отыр. Татарстанда да 2 мыңнан аса қандасымыз бар. Президент түбір бір елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту керектігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таң қаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын.
Татарстан Ресей Федерациясындағы экономикасы дамыған өлкелердің бірі. Бауырлас халықтар бүгінде сауда-саттықты жолға қойған. Қазақстан Қазанға қарай сарымай, болат темірі, аккумуляторлар мен мұнай өнімдерін сатуға жіберіп отыр. Ал Татар кәсіпкерлері Қазақстан нарығында полимер, көлік дөңгелектері, химиялық тыңайтқыштарды саудалайды.
Альберт Каримов, Татарстан Премьер-министрінің орынбасары:
Қазақстан біздің компанияларды қатты қызықтырып отыр. Себебі осыған дейін бірлесіп ашқан жобалар тиімді жұмыс істеп жатыр. Бизнеске қолайлы жағдай бар. Енді тікұшақ, кеме құрастыру, мұнай-газ инжинирингі, мотор құрастыру сынды салалардағы компанияларымыз қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Иә Қазақстан мен Татарстан екі жақты қарым-қатынас көкжиегін барынша кеңейтуге бейілді. Екі елдің ағайындық қарым-қатынасы экономикалық байланысты нығайтуға үлкен сеп. Кездесу соңында Рустам Минниханов елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Достық» орденімен марапаттады.
Шерхан Жамбылұлы