Бельгияда мұғалімдер ереуілге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда мұғалімдер ереуілге шықты

11.02.2022

Бельгияда ұстаздар қауымы бір күн жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарының 10 мыңға жуық мұғалімі, әкімшілік қызметкері Валлония-Брюссель аймағы үкіметінің алдына жиналып, биліктен еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. «Шаршадық, шыдамның да шегі бар» деп ұрандатқан ұстаздар үкіметтен мұғалімдердің мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуді сұрайды. Педагогтар апатты жағдайдағы білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізуге, техникалық жабдықтауға қомақты қаржы бөлінсе, дейді.

Стефан Клайнэн, математика пәнінің мұғалімі:

Пандемия басталған соңғы екі жылда жүйкеміз әбден жұқарды. Сағат сайын өзгерген санитарлық ережелерге бейімделуден, әкімшілік жұмыстарды қоса атқарудан шаршадық. Біздің мәртебеміз түсіп кетті. Үкімет мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жіті тексеруден өткіземіз, дейді. Алдымен еңбек жағдайын жақсартсын. Кәсібилікті сосын талап етеді.

Ману Дюрбон, нидерланд тілі пәнінің мұғалімі:

Оқушылардың саны көп, бір сыныпта 25 баладан. Олармен жұмыс істеу өте қиын. Мұғалім жетіспейді. Штатты,жалақыны көбейту керек. Мардымсыз айлыққа жастарды ұстап тұру мүмкін емес. Екі жыл істеп, шыдамай кетіп жатыр бәрі.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу