Мәскеуге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустинмен кездесті. Онда Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуінде қол қойылған келісімдерді жүзеге асыру жайы талқыланды. Президент осы орайда екі елдің үкімет мүшелері тығыз жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.
Қазір қос мемлекет арасында «Камаз», «Сибур» және басқа да жетекші компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі стратегиялық жобалар бар. Олар өндірістік кооперацияны кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, екі елдің өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресеймен өзара қатынасты ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен шынайы одақтастық қатынастарды ілгерілету үшін көп жұмыс істеуі керек. Бар күш-жігерді күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмсау қажет. Сіздердің өкілдеріңіз бен Қазақстанның жаңа Үкіметі арасындағы байланыстарға тың серпін бергім келеді. Қарым-қатынастар Ресей Үкіметімен арадағы іскерлік, белсенділік және өте тығыз байланыстарды жалғастыруға бағытталуы керек
Михаил Мишустин Ресей Үкіметінің төрағасы:
Ресей Федерациясының Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.