Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы сүт өндіретін ферма жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы сүт өндіретін ферма жабылуы мүмкін

10.02.2022

Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы сүт өндірісімен айналысатын ферма жабылудың сәл-ақ алдында. Себебі қыс ортасында мал азығы таусылған. Жазда жайылымы, не қысқа шөп дайындар шабындығы жоқ шаруашылықтың сауын сиырлары қазір шетінен көтеремін. Жалпы ауданда жер мәселесі өте өткір тұр. Бұл мал санының күрт азайып кетуіне себеп болып отыр,-дейді сарапшылар.

Руслан Нұрланұлы, тілші: 
Бұл шаруашылық осыдан бес жыл бұрын құрылған. Бастапқыда 30 сиыр сатып алып, сүт өндіруді қолға алған болатын. Алайда шабындық жердің жоқтығы барлығына қолбайлау болып отыр. Қыстың көзі қырауда, ал малға беретін азық түгесіліп қалған.

Михаил Барановскийдің фермасында қазір асыл тұқымды 50 сауын сиыр тұр. Шаруа малды қыстан қалай аман алып шығарын білмейді. Алажаздай ауыл іргесінен әрі жаймаған сиырларына қысқа шөп те қамдай алмаған. Себебі шабындық жер жоқ. Амалсыз 150-200 шақырым жердегі өзге аудандардан қымбат бағаға сатып алып отыр.

Михаил Барановский, фермер: 
Жазда сай, өзектерді жағалап шөп шапқандай болдым. Бірақ ол жеткіліксіз. Мал басын өсіре алмай отырмыз. Сүтке субсидия берілмейді. Жарты литрлік бөтелкедегі суыңыз 200 теңге. Ал сүттің литрі 120 теңге ғана. Бар тапқан ақшамызды қымбат бағаға мал азығын сатып алуға жұмсап отырмыз. Міне мына шөптің әр бір орамын 12 мың теңгеден алдық.

Шаруашылыққа тиесілі 930 гектар жайылымдық жер ауылдан жырақта. Шаруа оған малын айдап бара алмайды. Айнала түгел егін, темір жол. Таулы, тастақты жердің шөбі сирек. Фермер жергілікті билікке өзіне көмек қажет екенін айтып сан мәрте өтініш жасаған. Алайда нақты қолдау болмаған.

Серік Әкежанов, Осакаров кентінің әкімі: 
Біреуден алып қойып ол кісіге беретіндей құқығымыз жоқ. Менің ойымша ол кісі жеке конкурсқа түсіп, жер алуы керек. Ол кісі жақыннан жер іздеп жүр. Ал жақын, ауылдың маңайында бос жер жоқ.

Жалпы ауданда шабындық, жайылымдық жердің проблемасы өткір тұр,-дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының мүшесі Ерлан Оспанов. Малын қайда апарып бағарын білмеген шаруалар кеңес сұрап кеңсеге жиі келеді. Қауымдастық мамандары сараптай келе аудандағы жердің жоқтығына тікелей себепші екі проблеманы анықтаған.

Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі: 
Бұрынғы жайылымдық, шабындық жерді иемденіп алғандар оны түгел егістік алқаптарға айналдырып тастаған. Себебі мал өсіретіндер жыл бойы тыраштанады. Қара жұмысы, шығыны көп. Ал диқаншылық науқандық жұмыс. Бұған қоса кейбір ықпалды адамдар өз егінін қорып, мал түспес үшін алқабын айналдыра барлық жерлерді қосып алған. Шабындық деген мүлде жоқ. Салдарынан мал азығы қымбаттап кетті. Еттің бағасы төмен. Бұлай жалғаса берсе елдің қолында мал қалмайды.

Амалы таусылған фермерлер несие алып, өз күшімен тығырықтан шығар жол іздейді. Алайда пайызы төмен кредитке қол жеткізу үшін кепілге жер сұрайды.


Хабарламаларға жазылу